Бүгінде өңірде 35 этнос өкілі тұрады. Ал Достық үйінде 11 мәдени бірлестік, аудандарда 6 және 9 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Облыста өткен жылы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
Мәселен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері және «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобалары жүзеге асырылды.
- Биыл да іс-шаралар жоспары бекітіліп, алдағы уақытта бірлестіктермен ауқымды жұмыстарды жоспарлаудамыз. Қоғамда ынтымақтастық пен өзара қолдауға бағытталған «Еліме алғыс айтамын» айдарын ашып, «Шын жүректен» тақырыбында бейнероликтер әзірлейміз. «30 жылға – 30 тілек» әр сала үздіктерін қатыстыра отырып құттықтаулар, тәрбие сағаттарын ұйымдастырып, «30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында «Жүрек жылуымен» қоғамның осал топтарына гуманитарлық көмек көрсету секілді мазмұнды шаралар өткіземіз, - деді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастеков.
Сондай-ақ, биыл татар мәдени бірлестігіне 30 жыл. Осы орайда әр этностың рухани құндылықтары, қазақ жеріне келу тарихы жайлы, оның тілі мен мәдени мұраларын насихаттау мақсатында да арнайы бейнесюжеттер дайындалды.