Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну, одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс бойынша 2014 жылы бұрын сотты болғандармен 212 қылмыстар жасалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,8 % өскен. Бұл тұрғыда аймақтық инспекторлардың, жедел уәкілдердің өздеріне бекітілген аймақтағы қылмыстың алдын алудағы профилактикалық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмауынан, ал жергілікті атқарушы органдар бұрын сотталып келгендердің бейбіт өмірге бейімделіп, уақытылы жұмыс тауып орналасуларына тиісті көңіл бөлмеуінен қылмыстардың қайталануы өсіп отыр.
Осыған байланысты, Қызылорда облыстық прокуратурасымен «Қылмыстардың қайталануының алдын алу Жол картасы» әзірленіп, облыс прокурорының және құқық қорғау органдары басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіліп, жергілікті атқарушы органдармен келісілген.
Бұрын сотты болғандармен қылмыс жасауды азайту, жүргізілетін профилактикалық іс-шараларды айқындау, бұрын сотты болғандарға бақылауды күшейту, ұйымдастыру – құқық қолдану шарасын қабылдау, уәкілетті және құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасуды жетілдіру - Жол картасының негізгі міндеттері мен мақсаттарына ретінде белгіленген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес ағымдағы жылы бұрын сотты болғандармен 212 қайта қылмыс жасау фактілері тіркелсе, оның ішінде 205 қылмыс жұмыссыздармен жасалған. Уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес ағымдағы жылы жұмысқа орналасуға ниет білдіріп бұрын сотты болған 137 адам хабарласып, оның 41-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бұл ретте, бұрын сотты болғандармен қайта қылмыс жасаудың негізгі себептерінің бірі ретінде олардың әлеуметтік жағдайының төмендігі мен жұмыссыздық мәселелерінің шешілмеуін тануға болады.
Сонымен қатар, сотты болғандардың қоғамға қайта бейімделуі барысында психологиялық көмектің әсері де ерекше екендігі мәлім.
Осы тұрғыда, Жол картасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген іс-шаралар қатарында бұрын сотты болғандардың әлеуеметтік портреттерін жасау, сотталғандардың отбасымен тығыз байланыс орнатып, ішкі істер органдарымен бірлесіп құқықтық түсіндірме жүргізу, олардың өз отбасыларында қайта қалыпты өмір сүруіне қолдау көрсету және оларды жұмыспен қамтуға ат салысу белгіленді.
Бүған қоса, білім саласындағы, денсаулық сақтау саласындағы, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген іс-шараларды қысқа мерзімде жүзеге асыру жүктелді.
Сотталғандардың қайта қылмыс жасауын алдын алуда қылмыстық атқару инспекциясының атқаратын рөлі ерекше.
Сондай-ақ, Қызылорда облыстық прокуратурасымен дайындалған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға сотталғандардың жаза өтеу тәртібін бақылауда пайдалануға арналған бағдаржолдың орындалуы қылмыстық атқару инспекциясына жүктелді.
Ал, Жол картасына сәйкес ішкі істер органдарына жүктелген міндеттерге тоқталсақ, бұрын сотты болғандармен профилактикалық сұхбат жүргізу барысында, бұл шараға оған ықпал ететін туысқандарын және ақсақалдарды (ардагерлер кеңесінің мүшелерін) қатыстыру, есепте тұрған адамдар өздерінің тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған уақытта міндетті түрде сол аймақтың учаскелік полиция инспекторын хабардар ету және өзге де профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру белгіленді.