Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ауызға түкіру туралы хикая

Ауызға түкіру туралы хикаяФб-да ауызға түкірту туралы әңгіме қозғалып жатыр екен. Бір оқиға есіме түсіп кетті. 2007 жылы Алматыдағы «ЖАС-АЙ» медициналық орталығында ем алып жүргем. Ине алып, денсаулықты нығайту үшін қосымша шөп дәрілер іштім. Сегіз дәрі.
Сол күндердің бірінде Кенже Байназаров досымыз екеуміз бір концертке бардық. Ұзынағаштан Бақыт Әметаев жетті. Қасында ұзын бойлы, жұқалтаң жігіт бар. Көршісі екен. Менімен танысқан кезде қолымды ұзағырақ ұстап, бетіме үңіле қарады. Түсіне қойдым. Бақыт мен туралы қайбір жетістіріп әңгіме айтушы еді. Жердің бетіндегі ең оңбаған, ең ебедейсіз, ең, ең, ең... адаммен кездесіп тұрмын деп ойлағаны хақ. Бір кезде екеуміз де күліп жібердік. Әңгімеміз де жараса кетті. Бақыттың үйінде жалғасқан дастархан басында да әлгі жігіт менің қасымда отырып, ерекше ілтипат көрсетіп отырды. Бір кезде тосын ұсыныс жасады: «Бауке, Құдай айдап, келе қалдың. Қонағым бол, баламның аузына түкіріп кет!». Мен басымды ала қаштым. Асығыс екенімді және кез-келген адамға ауызға түкіртуге болмайтынын айттым. Ол да қоймады, мен де беріспедім. Сәлден соң Кенже екеуміз Алматыға аттандық.
Бақыттың үйіне күнде-күнара барамыз ғой. Әлгі жігіт ұсынысын қайталайды, мен көнбеймін. Сөйтіп жүргенде «Экспресс К» газеті бас редакторлар арасында өткізген байқауында мені үздік деп танығаны жөнінде сүйінші-хабарды естідік. Әлгі хабарды ести сала Бақыт Қарлығашқа ет астырып, тілеулес жігіттерді дастарханға шақырды: «Дұшпанымның тойын өзім жасап берейін». Дастархан үстінде әлгі бауырым тағы қолқа салды. Істің мән-жайын естіген жігіттер де кеу-кеулеп кетті: «Өй, не болды сонша бәлденіп?! Дауай, түкір!». Әсіресе, Бақыт пен Кенже тізеге сала бастады. Уәж айта алмай, кідіріп қалдым. «Мен үйге барып, қой соя берейін...» — деді онымды өзінше түсінген көрші өрепкіп. Әрең тоқтаттық. «Жарайды, баланы осында алдыр...» — дедім сосын. Алдырды. Сүйкімді қара бала екен. Ырымын жасап, батамды бердім. Жұрт мәз. Тек осы кезде Бақыт аунап түсті:
— Әй, көрші, сенде тауықтың миындай ми жоқ екен. Бәріміз жалт қарадық. Бақыттың жүзінде күлкінің ізі де жоқ. Қабағын түйіп, қатуланып алыпты. Баяғы әртіс Бақыт...
— Не боп қалды, Баха? — деді көрші.
— Адам деген баланың болашағын ойламай ма екен? Сегіз дәрі ішіп жүрген ауру адамға сәбидің аузына түкіртіп. Ай, түкіртетін болсаң, отырмыз ғой, міне, жардай боп. Мен қандаймын, анау Кенже кімнен кем?
Жұрт гу ете қалды. Кенже де кенет Бақыт жағына шыға кетті. Ай, бірақ өмір бойы алысып келе жатқан «жаулар» ғой, мен де дес бермедім.
...Бақыттан анда-санда сұрап тұрамын. Аузына түкірген балам, Құдайға шүкір, азамат болып өсіп келеді екен. Аман болсын!!!

Бауыржан Бабажанұлы. 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: