«Қармақшы» атауы 15 ғасырдан бастау алған. Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған.
![]()
Ресеймен байланыс орныға бастаған жылдардан (шамамен 1850 жылы) бастап осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған. 1904 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының іске қосылған кезінен жергілікті жерден жоса бояуы алынатын бояулы тастардың көптеп шығып жатуына байланысты сол төбелердің атымен стансаны «Жосалы» деп атаған.
Қармақшы ауданында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында бірнеше рет атап өткендей, жергілікті жерде атқарылатын әрбір жұмыс қарапайым тұрғынның күнделікті өміріне оң әсер етуі тиіс..
Қазір халық өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық берілуде. Жалпы инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту, ауызсу, «көгілдір отын», электр желілері мен түнгі жарықтандыру, қажетті әлеуметтік нысандар – тұрғындардың жиі көтеретін сұрақтары. Осы бағыттарда өз кезеңімен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан экономикасының негізі саналатын ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу да назардан тыс қалған жоқ.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтылмаған. Соның нәтижесінде бірқатар жұмыс атқарылып, ауданда жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі айқын көрініс табуда. Ең бастысы – барлық істі халықпен ашық диалог арқылы, ақылдаса отырып жүзеге асыру. Өйткені туған жерге қызмет ету – тек лауазым емес, ел сенімін ақтау деп түсінемін.
Жақында ғана облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік бес тұрғын үй халыққа табысталды. Құрылысты «Аман-Құрылыс» ЖШС жүргізді. Енді қазір «Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасын қоса қаржыландыруға арнаулы мемлекеттік қор есебінен 9 млрд 193 млн теңге қаржы қаралып, жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, аудан орталығы мен Төретам кентіндегі теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өткізілуде.
Ал әлеуметтік нысандарды қайта салу, бірқатарын жаңарту бағытындағы жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Осы кезге дейін Тұрмағамбет, Ақжар және Дүр Оңғар ауылындағы дәрігерлік амбулатория салынды. Мұндай құрылыс Қуаңдария мен Қармақшы ауылында жүріп, фельдшерлік-акушерлік бекетті халық игілігіне табысталды.
Тағы бір жаңалық, кейінгі үш жылда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 115,9 мың шаршы метрді құрады. Ең маңыздысы, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға үш жыл ішінде 3 млрд 838,2 млн теңге қаралып, барлығы 267 пәтер сатып алынды.
Айта кететін жаңалық, ауданда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші артты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 4 елді мекенде жалпы құны 1 млрд 734,8 млн теңгеге спорт ғимараттарының құрылысы жүрді. Олар – Жосалы кенті, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал және Ақай ауылындағы спорт кешендері. Сонымен қатар, былтыр Ұлттық спортты дамыту мақсатында ауданда «Ақтөбе және К» ЖШС қолдауымен Ақтөбе ауылында ипподром құрылысы басталған. Оның құны – 80 млн теңге. Биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Барлық аудан орталықтарына тән құрылыстың бірі – «Руханият орталығы». Екі жыл бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Жосалы кентінде музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер үйі мен Жастар орталығын, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі орталық ашылды. Оның құрылысы 1,6 млрд теңгеге жүргізілді.
Былтыр «көгілдір отыны» кешеуілдеген Төретам кенті мен Ақай ауылына газ тартылды. Одан бөлек, Сырдария өзенінің екінші бетіндегі ауылдарға газ тарту жобасы қолға алынды. Рас, Төретам мен Ақайға газдың баруы көпшілікті қуантты. Өйткені, мұнда халық саны баршылық. Қос елді мекенді газдандыру жұмыстарына 1,2 млрд, сондай-ақ Дүр Оңғар ауылын газдандыруға 7,1 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс толық аяқталды. Соның нәтижесінде аудан халқының 75,2 пайызы табиғи газбен қамтылды.
Биыл Иіркөл мен Төребай би ауылына газ желілерін тарту үшін жоба-сметалық құжат әзірленіп, осы жылы құрылысын жүзеге асыру жоспарда тұр. Екіншіден, Дүр Оңғар ауылына газ тартылған соң әрі қарай Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақжар және басқа да ауылдарға газ құбырын тарту жұмыстары көзделіп отыр. Тек бұл жұмыстар өз кезегімен жүре беретін болады.
Барлық қаржы көзі есебінен 3 млрд 500,5 млн теңге көлемінде жоспарланған аудандағы маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде жалпы құны 1 млрд 371 млн теңге болатын «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» бағытындағы аудандық маңыздағы автожол бар.
Марал баба басына баратын жолды дұрыстау мақсатында 6,5 шақырымдық «Жалағаш-Жосалы-Марал ишан» автожол құрылысына 249,3 млн теңге қаралып, жұмысы жүрді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен «Төретам-Ақай» айналма жолы күрделі жөнделуде.
Аудан аумағында Қорқыт ата мазары, «Жетіасар», «Алтындыасар», «Шірік Рабат», «Сырлытам», «Қосқала», т.б. көне заманның тарихи-архитектуралық ескерткіштері бар. Аты аңызға айналған орта ғасыр ойшылы, күй атасы Қорқыт бабаға, «Рүстем-Дастан» эпосының қазақша нұсқасының авторы ақын Т. Ізтілеуовке, 2-дүниежүзлік соғыс майданында қаза болғандарға арналған ескерткіштер қойылған. 1932 жылдан «Қармақшы таңы» газеті шығады. Аудан жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы орналасқан.
Ауыл ішіндегі көшелер де қараусыз қалмады. Жосалы кентінен бөлек, Қуаңдария, Ақтөбе, Алдашбай ахун, Ақай және ІІІ Интернационал ауылдық округінің ішкі көшелері жөнделді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы аудан орталығы мен Ақжар, Тұрмағамбет, Ақай, Ақтөбе, Төретам кенті, ІІІ Интернационал елді мекендерінде көшелер жаңғыртудан өтті.
Көшелер қайта жөнделген соң ондағы түнгі қауіпсіздікті арттыруда жарықтандыру жұмысы тоқтаған емес. Кейінгі үш жылда Жосалы, Төретам кентіндегі және Ақай, Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Иіркөл, Төребай би ауылындағы барлығы 53 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды. Жалпы ауданда 330 көшенің 79 пайызы жарықтандырумен қамтылған.
Бұл бағытта аудан аумағында тұрғындарға қолайлы және заманауи орта қалыптастыру бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асуда. Қазір Қармақшыда тұрғындар демалатын орындар бекітіліп, аудан орталығында 3 шағын саябақ, Шығыс каналының жағасы, 3 көше және Төребай би ауылындағы орталық алаң абаттандырылды. Сырдария өзені көпірінің батыс бетінен типтік жобада жағажай ашылды. Ал жаяу жүргіншілер жолына келетін болсақ, ауданда 11 көше қамтылып отыр. Бұған қоса, 23 балалар және спорт алаңдары салынды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Қармақшы ауданы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында жақсы нәтиже көрсетіп, 2023 жылы Дүр Оңғар ауылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша ІІ орын иеленген еді. Елді мекен экскаватор-тиегіш пен «Беларусь-920» тракторына қол жеткізді. Екі жыл бұрын Жосалы кенті «Үздік аудан орталығы» атанып, әкімшілікке ассенизатор, «Беларусь 422.1» жол тазалағыш тракторы, қалдық тасымалдаушы көлігі және жер қазушы трактор табысталды. Ал былтыр Ақжар ауылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша ІІІ орын алып, «Беларусь-МТЗ 892.2» тракторы тапсырылды. Сондай-ақ абаттандыру жобасын қолдауға арналған 15 млн теңге көлемінде сертификатты Қуаңдария және Қармақшы ауылдары ұтып алды. Осы қаржыға Қармақшы ауылында орналасқан орталық алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биыл Қуаңдария ауылы мен Жосалы, Төретам кентіндегі вокзал аумағын абаттандыру жалғасады.
2024-2025 жылдары Т.Көмекбаев, Ақтөбе, Иіркөл және Дүр Оңғар ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға 1 млрд 385,9 млн теңге қаралып, құрылыс жүргізілді. Қазір бұл елді мекендер тұрақты, сапалы электр энергиясын тұтынып отыр. Жөндеу, қайта жаңғыртудың нәтижесі жаман емес. Қазір аудандағы электр желілерінің тозу деңгейі 80-нен 66 пайызға төмендеді. Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Аудандық бюджеттен Қуаңдария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылының электр желілерін қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Ендігі жұмыс жоспарға сай атқарылады.
Өткен жылы аудан диқандары 25 458 гектар егін екті. Оның ішінде күріш – 12 993 гектар. Басқа дақылдардан бидай, мақсары, жүгері, мал азығы ретінде жоңышқа, картоп пен көкөніс, сондай-ақ бақша өсірілді. Шаруалар күріштің әр гектарынан орта есеппен 54,7 центнер өнім алды, 71143 тонна күріш қамбаға құйылды. Ауданның «Жаңажол» ЖШС облыс көлемінде «Озат егін шаруашылығы» номинациясын иеленді.
Екіншіден, Қармақшы аумағындағы мал басы өсіп келеді. Мұндай көрсеткіш ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтап тұр. Былтырғы жылдың қорытындысымен аудан «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен марапатталды.
Ауданда өткен жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3211 бірлікті құрады. Осы салада аудан бойынша 5260 адам жұмыспен қамтылған. Ал тоғыз айда шығарылған өнім көлемі 29 млрд 558 млн теңгені құрады.
Мемлекеттік бағдарламалармен кейінгі үш жылда 408 жоба қолдау тапты. Оған 5 млрд 962,5 млн теңге несие берілді. Үш жыл бұрын «Қармақшы құс» ЖШС жылына 1500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы 3 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Инвестициялық жобалар да ауданда тұрақты іске асырылып жатыр. Осы кезге дейін «АНК-Дәулет» ЖШС газоблок шығаратын шағын зауытты іске қосты. Сондай-ақ былтыр Өңірлік үйлестіру кеңесімен екі жобаны іске асыру мақұлданды. Оның бірі – «G Power Energy» ЖШС «Күн-электр станциясын және деректерді өңдеу орталығын салу» жобасы. Жоба құны 29,5 млрд теңге. Бұған Жосалы кентінің аумағынан 200 гектар жер учаскесі белгіленді. Екіншісі – «Алаш метан» ЖШС «Метан бекеттерін салу» жобасы. Жоба құны – 600 млн теңге. Мұны іске асыруға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан 1 гектар жер бөлініп отыр.
Жалпы үш жылда ауданға 54 млрд 539 млн теңгенің инвестициясы тартылып, өсім 35,1 пайызды құрады. Қармақшы ауданында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім динамикасы бар деп сеніммен айта аламын. Айталық, өнеркәсіп өндірісі 1,7 есеге, ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,8 есеге артты.
Осыдан үш жыл бұрын ауданның бекітілген бюджеті 12 млрд теңгеге әзер жуықтайтын. Бұл соманың уақыт өткен сайын артқанын білеміз. Былтыр аудан қазынасы 9,8 млрд теңгеге ұлғайып, бюджет 22 млрд теңгеден асты. Өсім қалай қалыптасты? Бюджеттің ұлғаюы ауданға ірі жобалардың тартылуымен байланысты. Қаржы негізінен аудан тұрғындарына бірінші кезекте қажетті жол жөндеу, ауызсумен қамту және электр желілерін жөндеу секілді маңызды жобаларды қаржыландырудың артуы есебінен ұлғаюда. Осы орайда, ел ішіндегі құрылыс көлемі 2023 жылдан бері 25 млрд 401 млн теңгені құрады. Былтыр ауданда 11 млрд 273 млн теңгенің құрылысы жүріп, 2023 жылмен салыстырғанда 58 пайызға артты.
Осының, яғни құрылыстың арқасында аудандық маңызы бар жолдар 100 пайыз жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті. Барлық ауылдық округтерге қатынайтын автомобиль жолдар мәселесі толық шешілді. Екіншіден, аудан тұрғындары 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Жоғарыда айтып өткендей, электр жүйелері де жыл сайын жаңаруда.
Біз республикалық және облыстық бюджет қаражатын ғана күтіп отырмай, ауданның өз кірістерін де өсірдік. Үш жыл бұрын өз кірістеріміз 2 млрд теңге болса, былтыр 3 млрд 434,5 млн теңгеге жетіп, 1,4 млрд теңгеге ұлғайды.
Аудан жерін толығымен Тұран ойпаты алып жатыр. Қиыр солтүстігінен Арал қарақұмының төбелі келген Жіңішкеқұм және Көлқұдыққұм құмды алабы, орталық тұсында Алақайдың ақтақыры және Жосалы даласы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары орналасқан. Ауданның ең биік жері солтүстігінде (Тарғыл тауы, 160 м).