ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕ КҮНІ 4 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Елдің мерекесіне айналған 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Қармақшы ауданында 4 нәресте өмірге келді.
Мерекеде дүние есігін ашқан сәбилерге аудан әкімінің орынбасары Б.Нақыпов, мәслихат хатшысы М.Наятұлы, «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Раева сыйлықтар тапсырып, жаңа босанған аналардың жағдайын білді. Дүние есігін ашқан сәбилердің біреуі-ер бала болса, үшеуі-қыз бала. Жаңа туылғандардың ішінде ең көп салмақпен дүние есігін ашқан нәресте - 4 келі 100 грамм.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Нақыпов: Әр сәбиді өмірге аман-есен әкелу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да сәби үшін барлық жағдайды жасап, жас аналарымыздың қасынан табыла білген акушер-гинекологтардың да еңбегі зор. Нәрестелер ата-аналарының қуанышы болып еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтары болып өссін. Әр үйден сәбидің күлкісі кетпесін, болашақта тәуелсіз мемлекеттің демографиясын көтеріп, «Батыр ана» атануларыңызға тілектеспін деді.
Осы күні өмірге келген барлық нәрестелердің денсаулықтары жақсы, жас аналар да өздерін жақсы сезінетіндерін жеткізді.
Бұл күн біз үшін тек мемлекеттік мереке ғана емес, отбасылық айтулы оқиғаға айналды. Ұлт Көшбасшысы ұлықталатын күні бесінші перзентім өмірге келді. Айдай сұлу қызымды 3 келі 700 граммен түнгі сағат 1-де босандым. Қызымның есімін Нұрай деп атағанды жөн санадық. Барлық дәрігерлерге алғысымды айтамын. Әр шаңырақта дені сау балалар көп болсын»,-дейді кенті тұрғыны Гүлжанат Айболатова.