Қызылорда облысында: «Ботабай ауылдық округіндегі құтқару жұмыстары» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті.
2014 жылдың 30 желтоқсанында Қызылорда облысы ТЖД мәжіліс залында Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник М. Келесовтің, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ж.Шынтасовтың, Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы АНұрманованың қатысуымен «Ботабай ауылдық округіндегі құтқару жұмыстары» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.
Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник Мұрат Келесов былай деді: «Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ботабай ауылының тұсындағы Сырдария өзенінде жүріп жатқан мұздардың ағып келіп кептелуі салдарынан, Сырдария өзенінің арнасындағы ағып жатқан су деңгейі көтеріліп, өзен жағасындағы ашық, мал жайылымдық жерлерге, ауыл іргесіне су кетуіне байланысты ҚР-ның 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 49-бабына сәйкес департаменттен 4 қызметкер, 1 техника және департаменттің құрылымдық бөлімдерінен 43 адам мен 7 техника («Суда құтқару қызметі» ММ - 6 адам, 2 техника; «ОӨАЖҚЖ» ММ - 4 адам, 1 техника; «ӨСжАҚЖҚ» ММ - 33 адам, 4 техника) жұмыс атқарды.
Атап айтқанда, түнгі жұмыстар атқарылу кезінде генератор арқылы сафитпен жарық берілді, 4 үйдің ауласындағы 250 000 литрдей су мотопомпа арқылы арыққа ағызылды, 19 үйден 94 адам (оның ішінде 30 бала) қауіпсіз жерге көшірілді, су басында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, мониторинг жасалды, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Ботабай ауылына келетін жол жырылып, ағын су бос жатқан ашық, жайылымдық жерлерге жіберілді, ауыл шетіне келген су жолына бөгеттер жасалды;
Су ортасында қалып қойған 12 мал (7 ірі қара «ОӨАЖҚЖ» ММ, 5 уақ мал «Суда құтқару қызметі» күшімен) қауіпсіз жерге шығарылды. Қазіргі таңда, Сырдария өзеніндегі су деңгейі 70 сантиметрге түсті, Ботабай ауылын су алу қаупі жоқ. Департаменттің құрылымдық бөлімдері кері қайтарылды.»
Өз кезегінде Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жасұлан Шынтасов орын алған жағдай туралы қосымша баяндама жасады, төтенше жағдайдың алдын алу, авариялық-құтқару жұмыстары, туралы, аталмыш ауылдық округтегі төтенше жағдайдың алдын алу және жою жұмыстары жөнінде айтты.
Баспасөз мәслихатында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауылдық округ тұрғындарына барынша қауіпсіздік шараларын сақтауы керектігі жөнінде айтылды.