Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының финалдық сатысына жолдама алған тағы жеті құрама анықталды. Бес жолдама иегері 29 наурызда Африка құрлығында белгілі болды. Іріктеу сатысының үшінші кезеңіндегі қарымта ойында Камерун Алжирді 2:1 (бірінші ойын 0:1), Марокко Конго Демократиялық Республикасын 4:1 (бірінші ойын 1:1) жеңді. Ал Тунис пен Мали 0:0 (бірінші ойын 1:0), Нигерия мен Гана 1:1 (бірінші ойын 0:0) есебімен тең түсті. Сенегал мен Египет екі ойында бір-бірін 1:0 есебімен жеңіп, пенальтиден сенегалдықтар 3:1 есебімен басым түсті.
Осылайша Катарда өтетін додаға Африкадан Камерун, Марокко, Тунис, Гана, Сенегал құрамалары жолдама алды.
Тағы екі жолдама Еуропа құрлығында берілді. Әлем чемпинаты өтпелі сайысында Португалия Солтүстік Македонияны, Польша Швецияны 2:0 есебімен сүріндіріп, дүбірлі додаға қатысаты құрамалар қатарына қосылды.
Еуропа құрлығында әлем чемпинаты өтпелі сайысында бір ойынмен Шотландия мен Украина жеңімпазы анықталады. Кездесу шамамен маусым айына белгіленген. Жеңімпазы сол айда Уэльспен тағы бір жолдаманы сарапқа салады.
Енді 30 наурызда Солтүстік Америка құрлығынан тағы екі құрама иегері анықталады. Мұндай мүмкіндікке АҚШ, Мексика және Коста-Рика үміткер болып отыр. Әзірге аталған құрлықтан Канада ғана үздіктер қатарына қосылып үлгерді.
Одан кейін Оңтүстік Америка, Азия, Солтүстік Америка және мұхит аймағынан төрт құрама құрлықаралық өтпелі сайыста тағы екі жолдамаға таласады.
Еске салсақ, бұған дейін оған 20 құрама жолдама алып үлгерген еді. Олардың қатарында алаң иесі – Катар, Еуропа елдерінен – Германия, Дания, Франция, Бельгия, Хорватия, Испания, Сербия, Англия, Швейцария, Нидерланды, Оңтүстік Америкадан – Бразилия, Аргентина, Уругвай, Эквадор, Солтүстік Америкадан – Канада, Азия мемлекеттерінен – Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Сауд Арабиясы құрамалары шыққан болатын.
Әлем чемпионатының финалдық сатысының жеребесі 1 сәуірде Катар астанасы – Доха қаласында өтеді.
Дүбірлі дода биылғы жылдың 21 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Катарда болады.