Қармақшыда күрішті суға бастыру 5 маусымға дейін аяқталады
Қармақшы ауданында егістікке су «Шіркейлі» магистралды каналы арқылы келіп, Қурайлы, Балажарма, Наурызбай, Оң жағалау шараушылықарылық каналдары арқылы берілуде.
- Қазіргі таңда ауданда суармалы сумен қамтамасыз ету үшін Шіркейлі каналы арқылы секундына 50,5 текше метр су бөлінуде. Биыл су тапшылығын болдырмау мақсатында, күріш дақылы 1477 гектарға қысқартылды. Жалпы аудан бойынша күріш дақылы 13156 гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде 12650 гектар күріш егіліп, 11710 гектары суға бастырылды. Күрішті суға бастыру жұмыстарын маусымның 5-не дейін аяқтау жоспарланып отыр. Күріш егісінің көлемі қысқарғандықтан, суды аса қажет етпейтін дақылдардың үлесі артты, - деді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында Қармақшы ауданында 15 дана су айдайтын насос қондырғысы қойылды. Сондай-ақ, суды үнемдеу үшін Алдашбай ахун ауылдық округінде жабынды астына егу тәсілімен 20 гектар көкөніс, бақша дақылдары өсірілуде.
- Бүгінгі мәлімет бойынша, Шардара су қоймасына секундына 77,9 текше метр су түсуде. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,1 текше метрге кем. Қоймадағы су көлемі 4055 млн. текше метр. Ал қоймадан төменге секундына 200 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылдан 100 текше метрге аз. Ал Көксарай су реттегішіндегі су көлемі 845,1 млн. текше метр, төменге секундына 390 текше метр су жіберілуде. Шардара мен Көксарайдағы су көлемі 4900,1 млн. текше метр. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 590 текше метр су жіберілуде,- деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.
Қармақшы ауданы бойынша егіс алқаптары суармалы сумен Сол жаға магистралді каналының аяғында орналасқан ПК-420 бекетінен бастап су алады. Биыл 29 мамырдан бастап ПК-420 бекетіндегі жоғарғы және төменгі бьефтегі су деңгейін 5 см көтеруге мүмкіндік туды.
- Аудан бойынша суармалы егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету бойынша ПК-420 бекетінен төмен Құрайлы каналының сағасы және және Оң тармақ каналының ПК-518 бекеті су тоспа құрылысы транзиттік режимде жұмыс жасауда, - деді «Казсушар» РМК Кызылорда облыстык филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев.