Қызылорда қаласы, Әл-Фараби мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үйдің жанып жатқандығы жөнінде хабарлама 101"қызметіне түсті. Оқиға орнына жедел жөнелтілген өрт сөндіру бөлімі барлау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 50 шаршы метр болатын уақытша тұрғын үй және тұрмыстық заттары толығымен жанып жатқандығын анықтаған.
Осы сәтте №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Н.Әбілхан және өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау кіші сержанты Қ.Әбдікамалов қызыл жалын ішінде зардап шегушілердің жоқтығына көз жеткізу үшін үйге кіріп кетті. Алайда, үйдің бос екенін анықтауымен қоса, нақты әрі жедел іс-әрекетінің нәтижесінде жалын ошағынан 2 дана 27 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге алып шықты. Абырой болғанда өрт сөндірушілер газ баллонның жарылу қаупін болдырмады. Тілсіз жау сағат 13-тен 31 минут өткенде толығымен сөндірілді. Жану оқиғасына жалпы Қызылорда қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінен 2 техникамен 8 қызметкер жұмылдырылды.