Шиелі ауданы Қарғалы ауылының тұрғыны «Тәшімбет және Ақарыс» шаруақожалығының төрағасы Үсен Мырзаев ата кәсіпке бала кезінен бейімдігін танытқан. Әкесіне қолғанат болған соң болар, оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Иә, өмірде барлық нәрсенің құны болатынын, еңбексіз ештеңе болмайтынын Үсен ерте байыптады. Сондықтан болар ауыл баласы уақыт өте мал басын көбейтіп, оны асылдандыру жайын қарастырып, ойлаған мақсатына ерінбей еңбек еткенінің арқасында жетеді. Өзі басшылық ететін «Тәшімбет» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылса, кейіннен мал басы артқан соң «Ақарыс» шаруа қожалығын 2017 жылы құрады. Аталған серіктестіктің басшысы Үсеннің айтуынша, малдың санына ғана емес, оның сапасына баса назар аударады. Меншігіндегі 200 бас сиырды асылдандыру бағытында еліміздің басқа өңірінен 19 бас ақбас асыл тұқымды бұқа алдырған. Мал асылданбай өнім молаймайтынын білген іскер азамат әлі де ірі қара басын арттыруға ден қойды. Осылайша мүйізді ірі қараны асылдандыру бағытында жұмыстарын ширата түсті. Міне, қазіргі таңда осы ата кәсіпті жандандырып, мүйізді ірі қара санын 700 басқа жеткізіп, қорасы мен даласын мыңғырған малға толтырды. Қазіргі кезде осы ауылдың кәсіпкерлеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, керек кезде қолдан келген көмегін көрсетіп отырған ауыл әкімі Қайрат Парманқұлов пен бас маман Дәулет Әбуовқа кәсіпкер азамат алғысын жаудырып отыр. Себебі, азаматтарды қолдап, тиісті мәселесін шешуге көмек береді. Жеке кәсіпкер Ү.Мырзаевтың айтуынша, қожалықтың жайылымдық аумағы 500 гектар жерді құрайтын көрінеді. – Мал жарақты болу үшін қора-жай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бір малды 3 ай бағамыз. Нақтырақ айтсақ, олар балаша күтімді қажет етеді. Оны төрт түліктің ебін білген азаматтар жақсы түсінеді. Қазіргі таңда бордақылау жұмыстарымен қоса, сүт өндіруді де қолға ала бастадық, – дейді кәсіпкер. Осылайша дала төсінде мал баға жүріп қиындығын еңсерген еңбекқор азамат осы күні пайдасын көріп отырғанына дән риза. Бүгінде ауылдың төрт азаматын тұрақты жұмысқа алып, айына 300 мың жалақы беріп отырады. Сондай-ақ, кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін субсидияны да алып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың желтоқсан айында жем-шөпке арнап 4 миллион теңге субсидия алған. Алдағы уақытта өзінің кәсібін одан әрі дамытып, мал басын 2000 мың басқа жеткізуді көздеп отыр.