Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Отбасылық кәсіпті өрістетті

Жалағаш кентінің тұрғыны Анар Алтыбаева да жақында мемлекеттік бағдарламамен пайыздық үстемақысы төмен несие алып, өз кәсібін бастап кетті.
Кейіпкеріміз жолдасы Дәулетқали Дауытовпен мал шаруашылығында отбасылық бизнесті дамытуға бел буып отыр. Мемлекеттік бағдарламамен 4 млн теңге несие алған ол қазіргі таңда ірі қара басын көбейтуді қолға алыпты. Негізінен тиісті қаражатқа 14 бас сиыр алу жобада көрсетілген. Жақында ғана қолына қаржысы тиген кәсіпкер әзірге 8 бас ірі қара алған. Ал қалған сиырды сатып алу үшін шаруашылықтармен келісімге келуде.
Анар Алтыбаева қолға алған жобаның болашағы барына еш шүбә жоқ. Себебі ауданның агарлық өңірлер қатарынан табылуы малдың жем-шөбіне келгенде үлкен мәселе тудырмайды. Оның үстіне жолдасы Дәулетқали да жарының жанынан табылып, кәсібінің алға басуына қолғабыс болатынын айтып отыр.
– Бұл жобаны қолға алуды жоспарлап жүргенімізге көп болды. Ал оны жүзеге асыруға биыл мүмкіндік болып отыр. Мемлекет қолдау көрсеткен кәсібімнің жемісін көретінімізге де еш күмәніміз жоқ. Бастысы талап бар. Жарымның бастаған ісіне өзім қолғабыс етемін. Оның үстіне негізінен мемлекет пайыздық үстемақысы 6 пайыз несиемен кәсіпкерлерді қолдаса, көпбалалы ана ретінде Анарға 4 пайызбен қаржы беріп отыр. Жалпы іс бастаймын деген жанға қазір қолдау көп. Осы ретте жерлестеріме мүмкіндікті құр жібермей іс бастаса деп үндеу тастаймын. Қазір алған сиырларымызды фазендада ұстап отырмыз. Енді қалған алты бас ірі қараны алсақ, жобада көрсетілген талаптарды толық орындаймыз. Мал басын алдымен көбейтіп алсақ, оларды бағымда ұстап, жеке табысты көбейтуге күш салу жоспарда бар, – дейді Дәулетқали Кенжеғалиұлы.
Бұған дейін мұндай мүмкіндік барын білмеген Дәукең енді өзі де несие алып, іс бастауға бел буып отыр. Ағамыздың қолға алатын жобасы да Анар Алтыбаеваның кәсібімен үйлеседі. Екеуі де мал шаруашылығы бағытында кәсібін жандандырып, отбасылық бизнесті дамытуға талаптанып отыр. Анар ірі қара өсіру ісін қолға алса, жолдасы жылқы шаруашылығын дамытпақ.
– Бұл салаға үлкен мақсатпен келгендіктен бастаған ісімізді алып кететінімізге сенімдіміз. Оның үстіне жолдасым қолдау көрсетіп отыр. Алдағы уақытта оның қолға алатын жобасы менің бастаған кәсібіммен үйлескені де жұмысымыздың алға ба­сарына сеп болады деп ойлаймын. Қоражайдан мәселе жоқ. Ал аграрлық өңірде жем-шөптен де мәселе болмайтынын өздеріңіз де жақсы бі­лесіздер. Сондықтан өз басым, жолдасым да кә­сіптің бұл түрінде үлкен табысқа қол жеткіземіз деп ойлаймыз. Қазір мал қымбат. Еттің де бағасы шарықтап тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл да біздің кәсібіміздің алға басуына ықпал етері сөзсіз, – дейді Анар Алтыбаева.
Жарасымды отбасының қолға алған жобасы бұйыртса, көп ұзамай жемісін берері сөзсіз. Оның үстіне отбасылық бизнесті қолға алғандармен әңгіме барысында олардың кәсіпке бет бұрарда үлкен мақсатпен келгенін айқын аңғардық. Өздері айтқандай, бастысы талап бар. Ал талап бар жерде жұмыстың да алға басары анық. Кент орталығында тұрып, кәсіптің бұл түрін қолға алғандар көпке үлгі болуы тиіс. Сонда ғана өңір дамып, экономикамызда тұрақты өсім қалыптасары сөзсіз.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: