Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіге қатысты іс толыққанды тергелмей жатыр (видео)
Қызылордада бес адамды көлігімен соғып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіге қатысты іс толыққанды тергелмей жатыр. Осылай деп арызданған ата-аналар әділдік іздеп жүр. Айтуларынша, құқық қорғау органдары істі бұрмалап отырған көрінеді. Бұл бейнекөріністер оқиға орнында бейнетіркегішпен кездейсоқ түсірілген. Қатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан қымбат Лексус көлігі Тағзым алаңының алдындағы ішінде үш адамы бар көлікті және маңайындағы екі адамды соғады.
Жәбірленушілердің айтуынша, қымбат көліктің иесі жан түршігерлік оқиғадан кейін жедел жәрдем мен полиция шақырмастан бой тасалапты. Тіпті ешкім көрмесін деп көлігінің мемлекеттік нөмірін де шешіп алып кетеді. Ал бір тәуліктен соң "машинамды ұрлап кетті " деп полицияға арызданған көрінеді. Зардап шеккендер ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, бірнеше рет ота жасалады. Әсіресе, Нұржан Аяпов жансақтау бөліміне ес-түссіз жатыр. Жанында болғандарға да ем-дом көрсетілген. Нұржанның анасының айтуынша тәртіп сақшылары оқиғадан он күн өткеннен соң ғана қозғалыпты. Оның өзінде жан-жаққа арыз-шағым жібергеннен кейін.
"Кешеден бастап қимылдап жатыр ғой. Онда да кеше түстен кейін, азанғылық бір бардық, түстен кейін бардық. «Нұр Отанға» барғаннан кейін ғана қозғалып жатыр" дейді анасы Құралай Байназарова.
Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалыпты. Оның өзінде жәбірленушілерден арыз түсіп, 5 күн өткеннен кейін ғана. Бірақ кепілдік қолдану арқылы бостандыққа шығыпты.
"Қылмыстық іс бойынша толық, жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Объективті. Ешқандай да қылмыстық іс бойынша былай-былай не жоқ. Жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ" дейді Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің басқарма басшысы Әбдібек Жаназаров.
Ал ата-аналар «балаларымыздың денсаулығына залал келтірген адам тиісті жазасын алуын соңына дейін талап етеміз» деп отыр. Бұл жерде ақша мен таныстық емес, әділдік шешуі керек. Іс тағы да бұрмаланған жағдайда шағымдануымызды тоқтатпаймыз дейді олар.