Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Еңбектің ебін тапқан

Бүгінде өз ісін дөңгелетемін деушілерге мүмкіндік көп. Тек кез-келген істің тетігін тауып, мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Міне, осылай кәсібін дөңгелетіп отырған жаңақорғандық Аманов Нұрғалидың ісіне көпшілік сүйсіне қарайды. Бизнес иесі кәсіптің ілгері дамуына мемлекеттен ешқандай қолдау алмаған. Еңбек адамы шағын және орта бизнес арқылы нәпақасын айырғанда ғана еліміздің белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізетінін Нұрғали жақсы біледі. Кәсіпкерлікпен айналысу бала күнгі арманы екен.
Кәсібін жалюз жасаудан бастаған ол бастапқыда азғантай тапсырыс қабылдап,  уақыт өте келе сұраныс артып, қолға алған шаруаны жүзе­ге асырудың мүмкіндігі туыпты. Рас, үйге қажетті жабдықтарды таңдауда тұрғын халық Түркістанның өнімдеріне жүгінеді. Десе де, кейінгі кездері жаңақорғандық кәсіпкерлер де сұранысқа сай қызмет көрсетуде. Жалюздердің түр-түріне талғам арт­қан сайын шеберлер шаруасын ширата түсті. Осындай шағын кәсіптің шырайын кіргізіп жүрген Нұрғали Амановтың  бұл іспен айналысқанына көп болмаса да, еңбектің нанын жеп отыр.
– Бұл кәсіпті меңгергеніме біраз болды, тек нақты кәсіпті бастағаныма  көп бола қойған жоқ. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаларға қатысқан емеспін. Тек аз-маз жиған-тергенімді жоспарлы жұмсап, осы істі бір ізге келтірдім.Қазір, шүкір жаман емес. Алдағы уақытта түрлі-түсті перделерге (жалюзге) тапсырыс көбейіп жатса, онда қызмет орнын кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тартып, жаңа бағытта жұмыс жасауға ниеттеніп отырмын, – деді ол.
Кейіпкеріміздің үйіне барып, жұ­мыс барысын көзімізбен көргеннен кей­ін Нұрғалидың бұл ісі көпке үлгі екеніне көзіміз жетті. Әрі бүгінде түрлі-түсті пердешелерді (жалюз) құрастырып шығаруды қолға алғанын және болашақта үлкен кәсіп иесі болатынына үміт арттық. Себебі тұрғындар талғамы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан тұтынушы тапсырысы көңілден шыққаны абзал. Отбасының тірегі әрі алты баланың әкесі бұл кәсіптің түрін үлкен қала Алматыдан үйреніп, ерекше түрлерін жасауды қолға алғанын жеткізді. Расымен, кейіпкеріміздің қолынан шыққан пердешелерге қарап, бізде де осындай жалюздер бар екен-ау деп таңқалыстық. 
– Шыны керек, бәріміз Алматыға арман қуып бардық. Алайда ісімізді Жаңақорғанда жалғастыруды жөн санап, ауданда тұралап қалған шағын кәсіпке дем бердік. Алғашында сұраныс өте жоғары болатын, қазір де жаман емес дегенмен жалюз жасайтын кәсіп иелері күн санап артып келеді. Яғни бәсекелестік пайда болғалы тұрғындар санға емес, сапаға жүгіне бастады. Сол себепті де, көпшіліктің көңілінен шығатын, ерекше, жаңа дизайндағы пердешелерді жасап жатырмыз, – деді.
Сондай-ақ, жас кәсіпкер жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек дейді. Ең бастысы, құлшыныс пен өзіңе деген сенім маңызды. Ол бірден пайдаға кенелген жоқ. Әлі де білікті мамандардың ақыл-кеңесіне мұқтаж екендігін жасырмайды. Бірақ тәжірибенің аздығы жаңа өндіріс технологиясын ойлап табуға кедергі болған жоқ. Кейіпкеріміз әзірге өзін жарнамалаудан аулақ.
Расымен жалюзге деген талғам артқан сайын шеберлер шаруасын ширата түсті. Бәсекелестік қалып­тасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Қазір жалюз перделеріне тапсырыс қабылдаушылар да көп. Бірақ әр кәсіпкердің өз несібесі бар. Халықтың көзі ашық, тыныс-тіршілігі кеңіді. Өзіне тиімді, көңілге қонымды етіп, тез әрі сапалы жасайтынына тапсырыс береді.
Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен білім керек. Білімің ешкім сенен тартып ала алмайтын ең мықты қаруың. Адам кәсіп аша алады, бірақ білімсіз бәрібір оны дамыта алмайды. Бүгінін емес, ертеңін терең ойлайтын, білімі мен жігеріне сенер кәсіпкер көбейе берсін. Себебі кәсіп көзін тапқанға табыс әкеледі.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: