Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Облыста жыл басынан бері 19 адам суға кетті

Жыл басынан облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынғаны туралы 165 тақтайша және 78 билборд орнатылды. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері мен құтқарушылар 375 рейд жүргізіп, 4166 адамға судағы қауіпсіздік туралы үнпарақ таратты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев мәлімдеді.
- Аймақта суға түсуге қауіпті 64 учаске анықталған. Рұқсат етілген 2 жағажай бар. Жыл басынан бері облыс аумағындағы 19 адам суға кетті. Оның 13-і бала. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Қазіргі таңда 17 адамға ескерту шарасы көрілді, - деді Асхат Тоғызбаев.
Күн райының ысуына байланысты көпқабатты тұрғын үйлердің терезе, балкондарының ашық қалуынан балалардың құлап кету жағдайы көбеюде. Оның басты себебі ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш торлардың болмауы, москит торларының берік бекітілмеуінен болып отыр.
- Жыл басынан бері аймақта балалардың терезеден құлауының 6 фактісі тіркелді. Оның ішінде Шиелі ауданында - 1, Қызылорда қаласында – 5 жағдай орын алды. Осыған орай, біздің тарапымыздан тұрғындар арасында 81 үгіттеу-түсіндіру парақтарын іліп, аулада кездескен 107 тұрғынға жадынама таратылды. Сонымен қатар, дауысзорайтқыш арқылы тұрғын үй ауласында ескерту, түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде, - деді Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бастығы Бейбітхан Спанов.
Жалпы мамыр айынан бастап 23 рет рейд жүргізіліп, 215 үнпарақ таратылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: