«Еңсесі биік Елорда» тақырыбында онлайн диктант өтті
Елорда күніне орай Қызылорда облысының әкімдігінің мәжіліс залы «Еңсесі биік Елорда» тақырыбында онлайн диктант өтті. Аталған шара Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырылды.
Ол ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру және қазақ тілінде жазу сауаттылығын қалыптастыру мақсатында қолға алынды.
Диктантқа облыстық басқарма қызметкерлері қатысты. Шараға қатысушылар жазба жұмысын жазар алдында жағымды көңіл-күй қалыптастыру мақсатында «Әуенді сауалнама» толтырды. Орталық директоры Л. Ортаева ZOOM қосымшасы арқылы онлайн диктант жазудың ережесі мен талаптарын түсіндірді.
Диктанттың мәтіні орталықтың ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында талқыланып, бекітілген. Ондағы сөз саны - 143, яғни В2 ортадан жоғары деңгейге арналған. Диктант мәтінін орталық әдіскері Ж. Ерекешова оқыды.
Шара соңында қатысушылар жұмыстарын орталықтың электронды поштасына жолдады. Жазба жұмысының қорытындысымен жоғары нәтиже көрсеткен қызметкерлер басқарманың Алғысхатымен марапатталады.