Ұлттық және салтанатты көйлектерді жалға беру сұранысқа ие және пайдалы қызмет саналады. Бұл сала жаңалық емес.
Қалыңдық көйлектері мен аксессуарларын жалға беретін салондарды бәрі біледі. Бірақ соңғы жылдары бизнес өзгеріп, заманауи бола бастады. Енді көйлектерді жалға алу тек үйлену сәнмен шектелмейді. Кешкі және коктейль көйлектерін, фотосессияларға арналған түрлі киімдерді, отбасылық фотосессияға арналған киімдер топтамасын, карнавал костюмдерін және тіпті брендті киімдерді де уақытша алуға болады.
Тұрғаналиева Гүлдариха Сейдеметқызы 2001 жылы «Сыбаға» базарында орамал-шаршы сатып, кәсіп бастаған. Тұрақты клиенттер қалыптасқан соң нарықтағы ұлттық киімдерге сұранысты байқап, оны да тауар қатарына қосты. Негізгі клиенттері – балабақша, мектептер мен Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағамбетов атындағы театр және басқа да мекемелер болатын.
Қазір баласы Нахыпбек Махамбетжанұлымен бірге отбасылық бизнес жүргізіп отырған Гүлдариха – ұлттық және салтанатты кештерге арналған көйлектерді жалға беретін екі дүкеннің иесі.
Кәсіпкерге тауар түрін көбейту керек болған кезде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда өңірлік филиалына жүгінді. Менеджерлер несие үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ-қа құжатын даярлап, жөн сілтеп 2019 жылы айналым қаражатын толықтыруға қаржы алды. Жоба «Даму-Оптима» кепілдік беру бағдарламасы бойынша қолдау тапты. Соның арқасында кәсіпкер жылына 8,5% мөлшеріндегі мөлшерлемемен несие төлейді.