ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 1000 ЖАНҰЯҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Қызылордада қала күні мерекесіне орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға көмек көрсетілді.
Қайырымдылық шарасының аясында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған 1000 отбасы азық-түлікпен қамтылды. Сонымен қатар, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің аумағында акция шеңберінде қаржылай көмек көрсеткісі келетіндерге арнайы жәшік қойылды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев шараға атсалысқан Сыр жұртшылығына алғыс білдіре отырып, Қала күні мерекесімен құттықтады.
«Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шара жасау - халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі» екенін атай отырып, «Мемлекет пен бизнес экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде де әріптес болуы тиіс» деген болатын. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында арнайы бір күннің «Жүрек жылуы» атауымен қайырымдылыққа арналуының негізі осында»,-деді аймақ басшысы.
Атап өтейік, қайырымдылық шараларын өткізу аймақтың игі дәстүріне айналған. Өткен жылы 800 отбасыға көмек көрсетілген еді. Жыл басынан бері Наурыз, Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінде аймақтағы мыңдаған жанұяға көмек берілді.