Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордада мал ұрлығы өршіп тұр

Қызылордада мал ұрлығы өршіп тұрҚызылорда облысында қаңтар айының 19-21 аралығында кең көлемде «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – облыс көлемінде өсім алып келе жатырған мал ұрлығы қылмыстарының жолын кесу, ізін ашу және алдын алу болып табылады. 
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел-профилактикалық шараның 2 күндік жұмысы нәтижесінде 6 мал ұрлығы қылмысының беті ашылды. Мәселен, Қазалы ауданы, Түктібаев аулының тұрғыны осы елдімекенге қарасты «Қызыл-Оқпан» мал жайылымынан өткен жылдың қаңтар айында 1 бас сиырын және шілде айында 2 бас сиырын ұрлап, жалпы құны 450000 теңге көлемінде залал келтіргендігі  жөнінде арызданған болатын. Осы екі дерек бойынша, жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 1985 жылы туылған ауыл тұрғыны ұсталды. Аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188/1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, орын алған басқа да мал ұрлығы қылмыстарына қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының тұрғыны «Баспақ қора» мал жайылымдық жерде жүрген 2 бас сиыры қолды болғандығы, нәтижесінде 300000 теңге көлемінде шығын келгендігі жөнінде арызданған болатын. Аталған дерек бойынша күдікті ретінде 36 және 35 жастағы аудан тұрғындары ұсталып, ҚР қылмыстық кодексінің 188/2-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өткен жылдың желтоқсан айында Арал ауданы, Бөген елді мекенінің тұрғыны өріске бақташысыз айдап жіберген 17 бас ешкілерін ұрлап кетіп, 245.000 теңге көлемінде шығын келтіргені жайлы арыз берген болатын. Аталған арыз бойынша жедел іздестіру  жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылының тұрғыны 44 жастағы азамат күдікті ретінде ұсталды. Айғақ ретінде оның ауласынан 17 бас ешкілері алынып, күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 188/2-бабымен қылмыстық іс қозғалды. 
Айта кетерлік жайт, мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу және болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде қылмыстың ашылуы 2011 жылы 31,2 пайызды, 2012 жылы 39,4 пайызды, 2013 жылы 60,9 пайызды, 2014 жылы 63,0 пайызды құрап, біршама жақсарғанын көрсетіп отыр. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, полиция қызметкерлері бөтен мүлік ұрлығының алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына малдарды қараусыз жібермей, күзетті күшейту керектігін және жергілікті тұрғындар арасында сенімге ие адамға немесе бақташыға (падашы) тапсыруын  сұрайды. Себебі, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс көлемінде 147 ауылдық округтің тек 66-ында ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылғаны анықталып отыр. 


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: