Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Еңбегіне ел сүйсінер азамат

Бүгінде Шиелі ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашып жатқандардың қатарында жастар жағының үлесі басым. 
Осы орайда, армандардың орындалуы ең бірінші талап пен еңбекке байланысты. Адам баласы сол жолда белгілі бір мақсатқа жетпек. Сондай еңбек сүйгіш жастардың бірі – Амангелді Сүйеубайұлы. Кейіпкеріміз пластик терезе цехын ашты.
Ол алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан білім алды. Одан кейін 555 мың несие алып, жаңа кәсібін ашты. Бұрын ауданда пластик терезе жасайтын цехтарда жұмыс жасап, осы кәсіптің қыр-сырын толық меңгерген Амангелді қазіргі таңда өз алдына бөлек пластик терезе жасаумен айналысады. Бастапқыда бұл кәсіпті ашу оңай болмағанымен пластикалық терезе жасауды ауласындағы шағын гараждан бас­тап кеткен. Оның жасаған терезелері бүгінгі таңда үйдегі жылуды сақтап, сырттағы шу мен күн сәулесінен қорғайды. Алдағы уақытта жаңа цехтің іргетасын құйып, қабырғасын қалап өз кәсібін кеңейтетінін тілге тиек етті.
Қазір ауданда үй салып жатқандардың қатары көп. Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан әр жас отбасы жеке үй салуға ниетті. Демек, әр салынған үйге терезе қажет. Оның ішінде осы пластик терезе шексіз сұранысқа ие. Сондықтан алғаш пластик терезе жасау арқылы ауданда тұралап қалған шағын кәсіпке дем бердік. Бір шаршы метр терезені 24000-30000 мыңға бағалайды. Әр тұтынушы үйінің көлеміне қарай өзіне қажетті көлемде терезе жасата алады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, қазір оған түсіп жатқан табыс, жасалынып жатқан жұмыстың жемісі екені даусыз. Ол «Әрекет болмай берекет болмайды», – дейді. Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен білім керек. Осылардың арқасында пластикалық терезеге деген талғам артып, шеберлер шаруасын ширата түседі. Бәсекелестік қалыптасқан ортада қашан да сапалы қызмет жүреді. Сондықтан аудан мен ауыл халқының көңіліне қонымды етіп, тез әрі сапалы жасап береді. Нарықтың қылығына мойынсұнбай, қысылмай тынымсыз тірлігімен түтінін түзу түтетіп, берекесін арттырып, көпке ой салып, үлгі болатын жігіттердің бүгінгі ісі осындай.

Шапағат Тілеубаев

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: