Түркістан облысында Chevrolet маркалы көлігін қарсы жолаққа шығарып, қарама-қарсы тоқтаған жүргізушімен қақтығысқа түскен егде адам түсірілген видео желіде жылдам тарап жатыр. Белгілі болғандай полицейлер күдіктіні анықтады. Ол кінәсін мойындап, кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Аталған видео Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері назарына ілікті. Тексеру барысында оқиға Келес ауданының елді мекендерінің бірінде орын алғаны анықталды.
Chevrolet автокөлігінің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, "Лада" автокөлігін соққан.
Видеоның авторы алдымен ер адамға бұл көшедегі көлік қозғалысы біржақты екенін және оған бұрылу керек екенін түсіндіруге тырысады. Оған қарт кісі: "Жақсылықпен көлігіңді ала сал. Машинаңның үстінен өтіп кетем", - деп жауап береді.
Нәтижесінде жүргізушілер келісімге келмей, Chevrolet жүргізушісі "Лада" автокөлігін әдейі соғады.
Полицейлер видео арқылы жол-көлік оқиғасына кінәліні анықтады, ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты, ол өз ісін толық мойындады.
"Егде жастағы ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 4 бабы : 593-бабының 2-бөлігі "жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүру ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау", 601-бап "жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен ұйғарылған талаптарды сақтамау" және 610-бап "көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соғуы", 611-бап "жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерін орындамауы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді ведомствода.
Жиналған материалдар жол ережесін бұзған жүргізушіге айыппұл салынуы мен жүргізуші куәлігінен айыру үшін сотқа жолданады.
"Лада" көлігінің жүргізушісі жол көлік оқиғасына кінәлі азаматқа қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартты.
Кейін қария Lada жүргізушісінен кешірім сұрағаны белгілі болды. Бітімге келген тараптардың видеосын облыстық полиция департаменті жариялады.
Видеода оқиғаның екі қатысушысы бірге отырғанын көруге болады. Олар бұрыннан бір-бірін танитын болып шықты.
"Күннің жартысында, мен кәртейгенде, менің алдымнан машина шыққан кезде, осы елдің қазағымын ғой, неге маған жол бермейді деп қате ойладым Өзімнің ауылымның баласы, ағаларымның інісі Ербол деген жігіт екен. Қазақпыз ғой. Ағамның баласы екен. Інімнен кешірім өтінемін. Ағамызға сәлем айтып, кешірім сұрағанымды айт. Жақсылықта жолығайық. Мені таныдың ғой", - дейді Chevrolet жүргізушісі "Лада" автокөлігі иесінің қолын алып.
Өз кезегінде "Лада" жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
"Ешқандай, атама да шағымым жоқ. Түсініспеушілік болып қалды. Бәрі жақсы", - деді ол.