Төретам кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламалар игілігін көрді
Қармақшы ауданы Төретам кентінде түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып,аудан тыныс-тіршілігіне сүбелі үлесін қосты. Мұнда кәсіпкер боламын деушілер қатары артқан.
Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіпкерліктің негізгі курсына 25 азамат қатысса, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 11 азамат сертификат алған. Нәтижесінде 8 жоба 29,5 млн теңгеге несиелендірілді. Жалпы кент бойынша барлығы 756 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 699-ы жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша Төретам кентінің кәсіпкерлері 146 млн теңге несие мен 6817,5 мың теңге қайтарымсыз грант негізінде қаржыландырылған.
115 жылдық тарихы бар мекен алғаш темір жол салынған соң Төретам стансасы болып құрылған. 1929 жылдары тұрғын үй құрылысы салына бастайды. Бертін келе ел тәуелсіздік алғалы Төретам да өзге өңір секілді өсіп-өркендеді.