Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жаңақорғанның бір жұмбағы – Қаратау

Қаратау феномені ерекше мәнге ие. Алты алаштың тірегі, қиын шақта бас қосып, кеңесетін ордасы болды.
«Қаратаудың басында көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген жолдардан қиын-қыстау шақтағы таудың тарихи маңызы ашыла түседі. Қазір таудың тасы да, суы да, қойнауындағы қазынасы ел игілігіне жарауда. Алайда таудың тастары мен жыралары, бұлағы мен өзені бойындағы шежірелі тарихты ел игілігіне айналдыра алмай отырмыз. Сондықтан өлкетануды – алтын діңгек етіп, Қаратаудың құпиясына үңілгенді жөн көрдім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Ұлы даланың әрбір түкпірін тануға және насихаттауға басымдық берілген. Қазақтың қай жері болмасын қасиетке толы. Шерлі. Мұңды. Мазмұнды. Солардың ішінде Қаратаудың орны бөлек. Бұл жерде қазақ халқының сан ғасырлық тарихы жазылды, Тұран даласында орын алған елдік пен ерлікке толы оқиғасы қатпарланды. 
Дерек көздерінде, Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар. Көбісі әлі зерттеле қоймаған. Одан бөлек, Жаратылыстың сұлулығы тұнып тұр. Қаратауға көз тастасаңыз көркем келбетіне көзіңіз тоймайды. Таудағы тамаша көріністерді көріп көңіліңіз көтеріледі, санаңыз серпіледі, тарихи орындары тарихи жадыңызды кеңейтеді.
Есте жоқ ескі замандарда ежелгі адамдар осы таудың баурайын мекен еткенін әрбір тасында бедерленген. Оның айқын куәсі – тасқа қашалып салынған суреттер. Мұндай тарихи орындар 400 шақырымға созылып жатқан Қаратау қойнауында өте көп. Ғалымдар оларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында бейнеленген деп жорамал жасап жүр. Археологтар зерттеуге алған тастағы таңдалы суреттер қазір мыңнан асады.
Байтақ даламыздың басты байлығы тау тастарында қашап жазылған жазулар екені белгілі. Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді қазақтың арғы бабасы мекен етті. Олар ұрпағына жердің байлығы жайлы хат жазып кеткендей әсер аласыз. 
Петроглифтер Бесарық ауылынан 10 шақырымдай жердегі Бесарық жырасы жерінде орналасқан. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады. Солардың біреуі жыраның төменгі жағында орналасқан. Бұл ешкілердің бейнесін бейнелейді. Петроглифтердің маңыздысы жыраның ортаңғы шебіндегі Күйкентай төбе басында орналасқан. Төбе тастан 7-10 метр биіктіктегі ағын судың маңайында арқар, жылқы, өгіз, жүгіріп бара жатқан түйе, ешкілер мен адам бейнесі тасқа ойылып жазылған. Майдантал жырасында табылған осындай петроглифтердің ұқсастығына орай, бұл ескерткіштерді көшпенділердің ерте заманына жатқызады. Яғни, ерте темір дәуірінде қашау техникасымен жасалған бейнелер.
Күйкентай обалар қорымы Бесарықтан солтүстік және солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Тас және тас аралас топырақтың үйінділерінен бой көтерген обалардың диаметрлері 19 метрге дейін жетсе, биіктігі 1 метрден асады. Жалпы обалар қорымының көбі тау беткейдегі ауылдар маңында, жазық далада орналасқан. Тұрғанбай бауында орналасқан Тұрғанбай обалар қорымы, Мешіт, Қабыланды обалар қорымы Талап ауылының маңынан табылған. Одан бері Қосүйеңкінің солтүстік-шығысында, Қоспадан Ақүйік өзенімен төмен орналасқан Ақүйік обалар қорымы бар. Шырағдан, Қоспа, Бөріойнақ, Ынтымақ, Қызылтау, Бөріойнақ обалары осы маңда. Ерте темір дәуірі мен қола дәуірінде пайда болған обалардың көбі Қосүйеңкі ауылының аумағында. Жеке, Құланшы, Жолөткел, Қырқым Қаракемір «Мұртты» обасы, Қарынжырақ, Ителгісай, Тұтты әулие мен Бота соқты обасына зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Қатынқамал үңгірі жайында көпшілік жақсы біледі. Тарихи орын жаугершілікте қалың елге пана болды. Алайда, оның құпиясы әлі ашылған жоқ. Үңгір қалай пайда болды екен? Ел айтатын әфсана түрліше сөйлейді. Ғылым тілімен дәйек жоқ. Қазірге дейін Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар екен. Көбісі әлі зерттеле қоймапты. Киелі қоныста ел-жұрттың аузында жүрген талай жерлер әлі де құпиясын ішіне бүгіп жатыр.
Ал Қосүйеңкі ауылынан 23 шақырым солтүстік-шығысы Ынтымақ өзенінің сол жағалауында Тақиятөбе қалашығы орналасқан. VІ-ХІІ ғасырда іргетасы қаланған қалашықтың бүгінде ұзындығы 120 метр.  Одан әрі Қыраш ауылының шекарасында тоған, обалардан бөлек Жүсіпсаз және Арқарбұлақ жартас суреттері бар. Арқарбұлақ өзенінің оң жағалауындағы жартастарда таутеке, жылқы, түйе мен салт атты адамдар бейнеленген. Суреттердің түсі ақшылдау. Бұл белгі ерте темір дәуірі мен ортағасырларда аңшылық, саятшылық өнерінің тең тарағанын көрсетеді. Бірлік ауылында да обалар қорымы көптеп кездеседі. Жылқықора, Ақсеңгір, Бастау және өзге обалар қорымы Ақүйік ауылдық округінің аумағынан табылған.
Тау етегіне жақын орналасқан Құттықожа ауылында жартас суреттері өте көп кездестіруге болады. Табылдыбұлақ, Шыбынтай, Нұрмаханбұлақ, Қаратас сынды жартас суреттері кездеседі. Ерте темір және қола дәуірлерде тасқа қашылынып салынған суреттер де жануарлардан бөлек садақ ұстаған адамдардың бейнесін көруге болады. Кейбірінің үстіне кейінгі кезеңнің суреттері салынған деседі ғалымдар. Шалқия кентінің аймағы да обалардан кенде емес. Қоспа қонысын алып қарасақ, ол VІІІ-ХІІ ғасырда қазіргі Шалқия кентінен солтүстікке қарай орналасқан. Қоспа жартасынан суреттерден бөлек мұнда сол кезеңдерде адамдар пайдаланған қыш ыдыстар табылған. Ақтас жартасында таутекелер мен арқарларда бөлек, бұғылардың суреті кездеседі. Демек бұғылар кез келген таулы қыратты мекендей бермейтінін көрсетсе керек.
Одан кейін Жайылма, Сунақата ауылы маңындағы тауда да жартас суреттері кездеседі. Аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 3 шақырым жерде VI-ХІІ ғасырларда Ордакент қалашығының орны бар. Қалашыққа кіретін қақпа ескерткіштің оңтүстік жағында орналасқан. Нысанда қазба жұмыстары жүргізілінбеген. Сығанақ шаһарын суландыру жүйесі Қаратау арқылы қамтамасыз етілгенін айтады тарихшылар. Болжам. Бірақ із жоқ. Бұл Жаңақорған ауданы аумағындағы Қаратау тауының құпиясы ғана. Ықылым заманнан негіз тартатын тарихи орындарды зерттеп, оның құндылығын дәріптеу міндеті тұр. Бәрінен бұрын, оларды қорғап, ғылыми айналымға енгізу күн тәртібіндегі негізгі мәселе болуы тиіс.
Қорыта айтқанда, қалашықтар мен қоныстар, тау тастарына қашап жазылған сол таңбаларды қорғау – елдікті сақтаудың бір тармағы деп қабылдауымыз керек. Әйтпесе Қаратау ен тарихымызды жұтқалы тұр.

Әлібек ТЕМІРБЕК
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: