Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Түгіскен қорымы туралы не білеміз?

Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында – І мыңжылдықтың бас кезінде Сырдарияның төменгі бойын мекен еткен халық Батыс және Орталық Қазақстанның далалық тайпаларымен неғұрлым тығыз байланыста болса керек. Өйткені мұнда дамудың жергілікті бағыты андронов мәдениеті болып келеді. Аралдың оңтүстік өңірімен б.з.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында өзара жақындасу шығысқа таман емес, тек қана Іңкәрдария мен Ақшадария арналары өңірінде болды. Себебі, б.з.д. І мыңжылдықтың бас кезінде хорезмдік әмірабад керамикасы бүкіл Іңкәрдария бойында дерлік ұшырасады.
Қола дәуірі Сыр өңірінде қызықты ескерткіштерімен танымал. Солардың бірі – кейінгі қола дәуіріндегі көсемдер жерленген Солтүстік Түгіскен қорымы. Қорым Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасын бойлай 400 шаршы метрге жуық ауданды алып жатқан 20-ға жуық ірі және шағын жерлеу құрылыстарынан тұрады. Олар қам кесектерден тұрғызылған және айнала жапсарласқан немесе жанынан топтасқан әртүрлі форма мен өлшемдегі жерлеу құрылыстарынан тұратын үлкен кесенелердің қирандысы түрінде сақталған.
Түгіскенге оңтүстік өркениеттің (Орта Азия) қам кесек пен шеңберлі керамика сияқты элементтері әкелінген болса керек. Алайда, мұның бәрі жергілікті, негізінен андронов мәдениетіне үстеме болып қана қосылады. Бұл аталған мәдениеттің керамика үлгілерінде, жерлеу құрылыстарының құрылымында, жерлеу ғұрпының кейбір элементтерінде дәстүрлі түрде сақталады.
Қазақстанның соңғы қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіштері болып табылатын Түгіскен кесенелері Аралдың шығыс өңірінің ежелгі малшыларында діни құрылыстар архитектурасы мен құрылыс техникасының барынша дамығандығын көрсетеді.
Сол кездегі жердің беті болған құм еденде, бағандардың ішкі және сыртқы жағында, сондай-ақ, кесенелер қабырғаларының ішкі жағында да бірнеше қатар шеңберлей орнатылған ағаш тіреулердің шұқырша орындары бар. Бұлар қажет бола қоймаған, өйткені кірпіш бағандар төбеге мықты тірек бола алатын еді. Тіреулі құрылымдардың сақталуы мазардың тұрғын үй құрылымын қайталайтындығынан болса керек.
Орталық бөлікте және ішкі дәлізде жерлеу мүліктері: керамика, қоладан жасалған құралдар, қола және алтын әшекейлер және басқалары тұрған. Өлгендермен бірге қабірге мүшелеп бөлінген мал етін салу ғұрпы болған.
Түгіскенде өлікті өртеу ғұрпы басым. Осы ғұрыпты атқару кезінде бүкіл ғимарат өртелген. Ғимараттың бұдан әрі қалай сақталғаны әзірге белгісіз. Мәселе мынада: кесенелер көсемдерді жерлейтін орын болған, соның өзінде олардың әрқайсысының маңына отбасы мүшелері мен жақындарының көлемі жағынан неғұрлым шағын бейіттері топтастырылған. Бұл қабірлер негізгісімен тұтас бір кешен болып, оған жапсарлас орналасқан. Бұл орайда ғимарат қираған күйінде тұра берді деу қиын. Ғұрып атқарылғаннан кейін кесене қайтадан жабылуы мүмкін, ал бұл жағдайда оның төбесі кірпіш бағандардың үстіне орнатылған.
Біршама кейінірек негізгісіне жапсарластыра салынған бейіттер көкшіл, ақ кесектен өрілген тікбұрышты қоршаулар болып келеді. Мола шұңқыры жер бетінен 60-80 см тереңдетіліп қазылған. Қоршаулардың аумағы 35 шаршы метрден 50 шаршы метрге дейін жетеді. Оларды салу кезінде кесененің қабырғасы жиі пайдаланылған. Бұларға көсемнің туысқандары мен дос-жарандары жерленген. Мұндай үлгідегі құрылыстардың арасында ірі кесенелердің бірінің солтүстік қабырғасына жапсарластыра салынған, бірақ құрылымы жағынан онымен байланыспайтын кешен ерекше орын алады. Оның орталық бөлігіне, тегінде, әйел жерленген болу керек, онда ыдыстар мен әшекейлер жиынтығы (алтыннан және ақықтан жасалған моншақтар, салмақты алтын сырға, қола түйреуіш) қойылған. Бұл бөліктен батысқа таман тағы бір бөлме бар, оның жер ошағының төңірегінде сан алуан және көлемі әр түрлі 40-қа жуық ыдыс табылды.
Түгіскен кесенелерінің бірінен 60-тан астам ыдыстың мол жиынтығы табылды. Олардың біразы құмыра жасайтын ұршықшада істелген, қалғандары қолмен жапсыру арқылы жасалған.
Кесене мен қоршаулардың ежелгі дәуірінің өзінде-ақ тоналғанына қарамастан, табылған заттар көп. Мұнда әр түрлі екі жүзден астам бүтін ыдыстың табылғанын айтсақ та жеткілікті.
Түгіскен керамикалық кешеніне тән ерекшелік – оның мейлінше алуан түрлі болуы. Қолмен жапсырып жасалған ыдыста жергілікті андроновтық дәстүрлер ерекше айқын аңғарылады. Бұлар аузы жайпақ құмыралар немесе тегене тәрізді ыдыстар болып келеді. Олардың қабырғалары түгелдей өрнектелген; кейде иінінен бүйіріне дейін тарақ тәрізді қалыппен түсірілген таға сияқты өрнекпен өрнектелген ыдыстар да кездеседі. Бұл жағдайда мойнына бөлек бір белдеу өрнек салынған ыдыстар өте жиі ұшырасады.
Табылған заттардың керамикалық кешені және басқа заттар, мәселен, жебенің жалпақ қола ұштары Солтүстік Түгіскен кесенелерінің салынған уақытын б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлар деп анықтауға мүмкіндік береді.
Өте сирек ұшырасатын осы ескерткіштің қай мәдениетке жататынын анықтау –принципті маңызы бар мәселе. Ең алдымен, мұнда андронов мәдениетінің басым дәстүрлері айқын аңғарылады. Алайда, бұл қуатты андронов компоненті Орталық Қазақстандағы сияқты оқшау түрінде емес, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тән бірқатар жаңа белгілермен аралас ұшырасады. Мұның жоғарыда айтылып өткен керамикадан басқа жерлеу құрылыстарының сипатына және басқа ерекшеліктерге де қатысы бар.
Көлемді қабырғалары, ортасында бөлігі, айналма дәліздері бар Түгіскен кесенелері Орталық Қазақстандағы осы тектес құрылыстарға ұқсас, бірақ ондағы құрылыстар орасан ірі тастардан қаланса, мұндағылар қам кесектен қаланған. Бұл жағдайдың мәні өте зор.
Оңтүстік Түрікменстанның егіншілік мәдениеттерінде құрылысты шикі кірпіштен салу ежелгі заманнан бар, сондықтан, Түгіскен кесенелерін салушылар өздерінің оңтүстіктегі көршілерінің құрылыс тәжірибелерімен таныс болған деп топшылау керек.
Осылайша, бұл арада біз сәулетшілік шеберлігінің әжептеуір жетілген деңгейін көріп отырмыз. Орта Азия далаларында бұларға ұқсас құрылыстар жоқ.
Қорыта айтқанда, Солтүстік Түгіскен қорымы Орталық Азия мен Қазақстандағы қабір үсті құрылысының көлемі мен күрделілігі жағынан, сондай-ақ, қабірге салынған заттарының байлығымен және молдығымен ерекшеленетін қола дәуірінің теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіші болып табылады.

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: