Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Корей батыры Хон Бом Доның сүйегі еліне жеткізіледі

Кеше Сыр еліне ресми сапарымен келген Корея Республикасының делегациясы бүгін генерал Хон Бом Доның сүйегін еліне жерлеу үшін табытын туған жеріне алып кетті. 
Арнайы шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, орынбасары Серік Ахмет, қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұридинов, облыстық Корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Елена Ким мәртебелі меймандарға құрметін білдірді. 
Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының Төрағасы У Вон Шик, актёр Чо Вон Джун Сыр жұртының қаһарман тұлғаға деген ерекше құрметі үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптестікті, достықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып, алғысын жеткізді.
Шарада Қазақстан Республикасының сарбаздары Хон Бом Доның сүйегін табыстау рәсімін өткізіп, генералдың табытын Корея Республикасының сарбаздарына табыс етті. Іс-шараға қатысушылар Хон Бон Доның құрметіне қоштасу рәсімін жасап, бас иді. 
Мәртебелі меймандар Қазақстан делегациясымен қоштасып, арнайы құрметін жеткізді. 
Айта кетейік, шетелдік делегация сапарының басты мақсаты - өткен ғасырдың басында жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысының батыры болған, генерал Хон Бом Доның сүйегін туған жеріне алып кету және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлескен жобаларды талқылау.
Ресми сапардың алғашқы күнінде мәртебелі меймандар «Хон Бом До» мемориалдық кешеніне барып, генерал Хон Бом Доның рухына тағзым етті. Сондай-ақ, жергілікті корей халқының рәсімі бойынша еске алу шарасынан кейін Хон Бом Доның қабіріндегі сүйегін Қазақстандық құрмет қарауылының қатысуымен ресми шығарып салу рәсімін өткізді.
Мұнан кейін облыстық мекемелер үйінде облыс басшылығы Корея Республикасы делегациясы өкілдерімен кездесті. Қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелер қаралды. Білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту, туризм саласын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жобалар талқыланды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: