Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Ырыс алды – ынтымақ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деді. 
Иә, қашанда қоғамның даму жолында халықтың бірлігі қымбат құндылық болған. Асыл дініміз Ислам барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді.
 Алла тағала Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), – деп бұйырған. 
Дана халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды. Татулық және достық деген кезде жұдырық болып жұмылған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ұлттар мен алауыздығы жоқ ел есімізге түседі. Қай ұлт, қай ел болса да бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырау да:
Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, - деп жырлаған екен.
Қорыта келе, Қаз дауысты Қазыбек бидің сына бір нақыл сөзімен аяқтағым келіп отыр. Қазыбек би: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын», - деп татулық пен адалдыққа шақырған. Жаратушы Алла өзі жар болып терезесі тең, керегі кең, жер бетінде жұқпалы індетті жойып, баршамызды қуанышты сәтте қауышуды, болашағы баянды ел болуымызды нәсіп еткей! Әмин!   
Болатбек Әбуов,
ҚМБД-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: