2016 жылы облыстық ішкі саясат басқармасымен интернет сайттарға талдау жұмыстары нәтижесінде күмән келтірген 161 сайт ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетіне ұсынылды. Осының нәтижесінде комитет тарапынан 105 сайтқа теріс қорытынды беріліп, сот сараптамасын тағайындау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев баяндады.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше бүгінгі күні аймақта қызмет атқаратын 173 діни ұйымның 11-і жергілікті діни бірлестік, 161-і ҚМДБ-ның филиалы ретінде есептік тіркеуден өткен.
«Облыс көлеміндегі теолог мамандар тапшылығын болдырмау мақсатында дін мәселелерін зерттеу орталығына 10 жоғары біліктіліктегі теолог ғалымдар тартылды. Мұнан өзге, облыс әкімінің қолдауымен және демеушілердің көмегімен «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқитын Қызылордалық 15 студенттің оқу ақысы мен жатақханасына бюджеттен тыс көздер арқылы 4,8 млн.теңге көлемінде қаржы төленді. Бүгінгі күні осы университетте
60-тан астам жерлестеріміз діни білім алуда. Болашақта осы мамандарымыз толықтай осы облыс көлеміндегі діни ахуалды тұрақтандыруға және тиісті жұмыстарды жүргізуге жұмылдырылатын болады» - деді басқарма басшысы.
Мұнан өзге, аймақтағы діни ахуалды тұрақты сақтау және оны арттыру мақсатында 2016 жылдың екінші жарты жылдығында 70 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 6 әлеуметтік жоба іске асырылған.