Ақтас мешіті қайталанбас өнер туындысы. Пішіні төрт бұрышты етіп салынған күмбезді мешіттің биіктігі 10-12 м. Қасбеті шығыс жақта. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады.
Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіре беріс жағында 3 биік, сәнді аркасы бар, ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Солтүстік және оңтүстік жақтағы қабырғасына әшекейлі терезелер орнатылған. Солтүстігіндегі терезенің астыңғы жағында және бір есік бар. Мешітке келген жамағат намаз оқып, құран бағыштай алады. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында орналасқан. Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмысы барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Осыған қарағанда мешіт жанында медресе болған секілді деседі.
Ғимарат Айқожа ишанның (кесенесі онша алыс емес) айтып кеткен өсиетімен салынып, «Ақтас» деп аталады. Айқожа ишан дүниеден өткеннен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен, Тасжан деген байдың демеушілігімен және жергілікті халықтың күшімен салынады. Мешіт құрылысын Бұқарадан арнайы алдырған Халид шебер жүргізген. Ғимарат Сырдарияның оң жағалауындағы жайылма алқап үсті территориясындағы қырқада орналасқан. Террассаның етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Мешіттің биіктігі сонша, одан Қожа Ахмет Иасауи мен Арыстан бап кесенелері көрінетін болған. Қажылық жасаушылар Меккеге қажылыққа барар алдында осы мешітке жиналатын дәстүр болған.