Қызылордада 545 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған
Ежелгі қалалар мен тарихи ескерткіштердің дені Сыр өлкесінде шоғырланған. Тарихы терең өлкеде 545 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған.
Тағы бір айта кетерлігі Сыр бойында экстремалды туризмді дамыту үшін Қарақұм және Қызылқұм сияқты шөлді аймақтар шет елдік туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Бүгінгі болған баспасөз конференциясында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Садықов тарихи нысандардың қазіргі әл ауқатын саралады.
"Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қарқынды жүзеге асырылды. Сол арқылы "Қасиетті Қазақстан энциклопедиясының" 3-ші томына облыс бойынша 12 ескерткіш енгізілді. Сондай-ақ "Өңірлік қасиетті нысандар" жобасында 60 нысан бар. Облыс бойынша арнайы жобалар бекітіліп, онда 41 тарихи-мәдени мұра нысандары қамтылған. Олар Арал ауданынан басталып Жаңақорған ауданына дейінгі аумақты қамтып өтеді. Онда Аралдың кепкен табанындағы Араласар қалашығы, Кердері кесенесі, Жент, Жаркент, Сығанақ қалашықтары және басқа да ерекше кесенелер мен мұнаралар бар. Ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп жатыр. Атап айтсақ, Сығанақ, Жанкент қалашықтары қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді. Облыс көлемінде тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау мен насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуда", - деді Ғалымжан Жақсылықұлы.