Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, кәсібін жандандырғандардың бірі – «Еңбек» бағдарламасынан қолдау тапқан «Орда Инвест» ЖК. Кәсіпкерлік нысан 2013 жылдан бастап құрылысқа қажетті әк және пескоблок өнімдерін шығарумен айналысып келеді.
Кәсіп иесі Али Жанақұлов 2019 жылы жобасын ұсынып, «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 8,3 млн теңге қаражат алды. Қаражатқа қажетті құрал-жабдығын түгендеп, жұмысшыларға жағдай жасады.
Қазір цехта күніне 3-5 тонна көлемінде әк, 1000-1200 дана пескоблок өндіріледі. Тапсырыс аясында жұмыс істейтін кәсіпкер өнімге сұраныс жоғары екенін айтады. Мәселен, бір келі әктің құны 40-45 теңге болса, цех шығаратын екінші өнім 150-170 теңгеден саудалануда. Пескоблоктың ені – 20, ұзындығы – 40 сантиметр. Цех басшысының айтуынша, кәсіп ашамын, іс бастаймын дегендерге мемлекет тарапынан мүмкіндік қарастырылып жатыр. Жеңілдетілген несие береді. Қайтарымсыз грант та – кәсіпкерге үлкен қолдау. Қала аумағын жергілікті өніммен қамтып отырған А. Жанақұлов келешекте тауарларын басқа облыстарға да жөнелтуді көздеп отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта әк өнімін көбейтуді және пескоблок өнімін шығаратын тағы 2 құрылғы сатып алу жоспарында бар.
Бүгінде цехта 13 адам еңбек етеді. Бәрі де білікті, өз ісінің шеберлері. Енді кәсіпкер жылыжай ісін дамытуды қолға алмақ. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдік көп.