Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Ақпараттық технологиялар саласының терминдері» республикалық байқауы өтті.
Қазақ тіліндегі терминдердің сапалық, сандық деңгейін арттыруды көздеген байқаудан жерлесіміз, Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйі инклюзивті ағылшын тілінің мұғалімі, жас педагог Азамат Ибрагим ІІІ орынды иеленді.
2 мамыр-10 маусым аралығында өткен онлайн-байқауға еліміздің әр аймағында тұратын тіл жанашырлары қатысты. Олар termincom.kz сайтындағы терминдер бойынша өз ой-пікірін, ұсынысын жаза отырып, сауалнама арқылы тапсырмаларды орындады. Берілген терминдерге қазақша балама беру арқылы анықтамасына үңілді. Байқау шартының бірі – мемлекеттік тілде ІТ технологиялар саласының жаңа немесе қазақ тіліне аударылмаған, termincom.kz сайтының «Бекітілген терминдер тізіміне» енбеген, қате қолданылып жүрген, талас тудыратын және т.б. мәселелері бар терминдерге бейнеролик әзірлеу. Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік тілде жарық көрген ІТ технологиялар саласының оқулықтарына, ғылыми басылымдардағы терминдердің қолданысына талдау жасап, оның ұтымды және ұтымсыз тұстарын немесе қателерін ашып көрсетті.
Байқауға елімізге белгілі терминолог ғалымдар мен сала мамандары қазылық етіп, 9 үміткер жүлдегер атанды.
− Бұл байқаудың мен үшін орны ерекше болды. Себебі терминдер аясында, оның ішінде ІТ саласында қолданылатын терминдерді қазақ тіліне аудару, балама атау беру үлкен ізденісті талап етеді. Сондай-ақ ІТ саласы біздің өмірімізде ойып орын алғандықтан сала шеңберінде қолданылатын терминдерді халықтың басым көпшілігіне түсінікті болатындай қазақыландыру бүгінгі күннің басты талабы деп білемін, − дейді педагог.
Айта кету керек, байқау алғаш рет 2020 жылы мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің «Қазақы терминдерді халық жасайды» бастамасы бойынша өткізілген. Бұған дейін туризм, қазақы мәзір және басқа тақырыптар бойынша ұйымдастырылған.