Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аймақ басшысы Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлмен кездесті.
Жиынға «Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері» одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, Қызылорда облысының «Ауған соғысының ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов, Қызылорда облысының «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарас Оспанов қатысып, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
- Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, сондай ақ, Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 32 жыл толып отыр. Ауған соғысына қатысып, бүгінгі бейбіт күні елге болсын деп қызмет жасап жүрген ардагерлеріміз қашанда құрметке лайық. Олардың ғибратты ғұмырын көпке үлгі, өскелең жас ұрпаққа өнеге ету біздің басты мақсатымыз. Сіздерге, ерлік пен елдік сынға түскен сәтте Отан алдындағы әскери антына адалдық танытып, ел намысын қорғаған жауынгерлердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестеріңіз үшін Сыр жұртшылығының атынан алғыс білдіремін, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде Бақытбек Смағұл көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, Ауған соғысы ардагерлері жастарға отаншылдық рухпен ерліктің үлгісін көрсетуге мүдделі екенін және бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін айтты.
Ал, Шәріпбай Өтегенов аудан соғысы ардагерлеріне қаралған әлеуметтік көмекті ұлғайту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Облыс әкімі көтерілген мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен қаралатынын айтып, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылған «Республикалық ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының орталық кеңесінің ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына» арналған конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Еске салайық, Ауған соғысына елімізден 22 мың сарбаз қатысса, оның 942-і туған жерге оралмады. Сыр өңірінен 827 адам аттанып, оның 18-і Ауған жерінде ажал құшты. Бірқатары мүгедек болып елге оралды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: