Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Аспаздық өнерін кәсіпке айналдырған

Жыл санап аудан көлемінде кәсіпке бет бұрғандардың қатары артып келеді. Бұрынғыдай диплом жоқ, жұмыс жоқ деп қол қусырып отырған жанды сирек кездестіруге болады. 


Заман дамыған сайын соған сай кәсіпкерліктің де сан алуан түрі пайда болуда. Әсіресе жаңа кәсіп бастап өз шаруасын дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар да жасалып келеді. Сондай қолдауға ие болып кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Бағымкүл Қонақбаева.
Аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп, кейін оны табыс көзіне айналдырған Бағымкүл Тұрсынқызы қазір осы кәсібінің арқасында тәуір табыс тауып отыр. Ол осы жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, сертификат алды. Жартылай дайын шикізат өнімдерін әзірлеу бизнес жобасы бойынша конкурсқа қатысып, қайтарымсыз грант жеңіп алған.
– Қыз баласы болған соң бала кезден асүйге жақын болдым. Марқұм анам Мамық кішкентай күнімнен ас әзірлеуге үйретті. Ең алғаш балық қуырып үйренгенім есімде. Кейін тоқырау жылдарында оны да кәсіпке айналдырдық. Мен үйде балық қуырып әзірлеймін, анам пойызға сатып келуші еді. Кейіннен манты, тұшпара, голубцы, өзге де түрлі тағамдарды дәмді етіп дайындауды өз бетімше үйрендім. Отбасы мүшелері, туыстарым әзірлеген тағамымды сүйсініп жейтін болғандықтан, осыны неге кәсіпке айналдырмасқа деген ой туды. Алла сәтін салып, мемлекет тарапынан грант жеңіп алдым. Ол қаражатқа қажетті құралдарымды алып, кәсібімді бастап кеттім,– дейді Бағымкүл Тұрсынқызы.
Кәсібін бастағанына аз уақыт болса да тағам дайындауда өзіндік құпиясы бар Бағымкүлдың тұрақты тұтынушылары бар. Әркез сапаға жұмыс жасайтын ол дайын фарштан емес, таза етті алып әзірлейді.
– Қазір қарбаласқан тірлікте көбі дайын өнімдердің болғанын қалайды. Осыны кәсіп еткен соң сіңімді әрі дәмді етіп дайындау керек деп ойлаймын. Сондықтан ас әзірлеуде ештеңені аямаймын. Есесіне, бір алған адам қайта іздеп келіп, тұрақты тұтынушыма айналып жатыр, – дейді ол.
Тірліктің көзін тапқан әйелді он саусағынан өнер тамған деп айтуға толық негіз бар. Себебі Бағымкүл аспаздықтан бөлек, массаж жасаумен де айналысады. Тігіншілік пен шаштараздық мамандықты да меңгерген.
– Жолдасым Жанболат екеуміз 2004 жылы отбасын құрдық. Сол кезден бастап өмір сүруге өз бетімізше бейімделдік. Отбасындағы жауапкершілікке теңдей қарап, мен де қаржылық жағынан қолдау көрсеттім. Өзім бала кезден медицина саласының маманы болуды армандағанмын. Бірақ ол арманым орындалмады. Десе де, қазір массаж курсын бітіріп, балаларға, үлкендерге түрлі массаж түрлерін де жасаумен айналысып жүрмін. Ал тігіншілік пен шаштараздық қажеттіліктен туған сүйікті ісім, – дейді Бағымкүл.
Бағымкүлдің алға қойған мақсаты биік. Ол өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Алдағы уақытта жартылай дайын шикізат өнімдерін шығаратын үлкен кәсіпорынның иесі болуды армандайды. Әрине арманға жету үшін ізденімпаз жан қазірден бастап еңбектеніп, кәсібінің көкжиегін кеңейтуде.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: