Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Бұқарбай батыр мен Досбол би

Бұқарбай батырға Досбол датқа іздеп барып қонақ болыпты.


Екі-үш күн қонып, дидарласқаннан кейін Досбол атын алдырып аттанғалы жатқанда Бұқарбай: 
– Не қалайсыз, бұйымтайыңызды айтыңыз, – депті.
– Еш нəрсе алайын деп келгенім жоқ, дидарыңызды көріп сұхбаттасып, соған ризамын, – деп Досбол енді жүруге ыңғайланғанда қамшысы табылмайды. Соны іздеп үйдің ішін қопарып жүрген жігіт төсеулі текеметтің шетін көтеріп қалғанда бір сапы астынан жарқ ете қалыпты. Сапыны көзі шалып қалған Досбол қолына алып, сұлулығына қызығып айтқан екен: 
Бəрекелді, сапы,
 Əулие болар еді 
Ер жігіттен кетпесе қапы. 
Сабаз өнерді салған екен, 
Күміс пен алтынға малған екен. 
Қайта сөйлеп болмас, 
Көзге түсей қалған екен, – 
деп сапыны тастай беріпті. Бұқарбай: 
Рас, өнерді салған, 
Күмісті алтынға малған. 
Ер жігітке екі сөйлеу жалған, 
Бұл қылыш алмас, 
Қадірлеп ұстаған кісінің қолынан қалмас, 
Оны сізге бермей болмас, – деп сапыны Досболдың алдына тастай беріпті. 
 Хұсайын Қоразбаев 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: