Ағымдағы жылдың мамыр айының 18-22 аралығында Қызылорда облысы аумағында «Заңсыз келуші-2015» жедел профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі өткізілуде. Аталған іс-шараның мақсаты – ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің аумағында үшінші елдер азаматтарының заңсыз көші-қонына және адам саудасына қарсы іс-қимыл жасау болып табылады.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған іс-шара бойынша Қызылорда ОІІД-нің күші мен құралдары жұмылдырылып, іс-шараның алғашқы күнінде 279 заң бұзушылық фактісі анықталды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 274 азаматқа, оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі бойынша қоғамдық орындарда тиіскені үшін – 4, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 1,3-бөлігі бойынша шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР заңнамасында көрсетілген мерзімде ішкі істер органдарында тіркеуден өтпегені үшін немесе көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін 3 тәулік ішінде республика аумағынан кетпегені үшін – 38, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 2-бөлігі бойынша азаматтардың ішкі істер органдарында тіркеуден өтпегені не тіркеуде көрсетілген мекенжайда тұрмағаны үшін - 110 азаматқа, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша шетел азаматтарының қызметі визада немесе көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмағаны немесе тиісті рұқсат алмай еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін - 119 азаматқа қатысты әкімшілік шара көрілді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 20 Қазақстан Республикасының азаматтары жауапкершілікке тартылып, тұрғылықты мекенжайы және құжаты жоқ 8 шетел азаматы қабылдау-тарату орындарына жатқызылды. Сот шешімімен 6 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылып, 71 шетелдіктің елде уақытша болуының мерзімі қысқартылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 393-бабы бойынша шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ел аумағынан шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны үшін 3 қылмыстық іс қозғалды.