1998 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 қарашаны Дүниежүзілік телевидение күні ретінде жариялады. Бұл 1996 жылы өткен бірінші Дүниежүзілік телевизиялық форумды есте қалдыру мақсатында жасалған болатын. Қазіргі таңда ақпараттың жалпы қоғам өміріндегі алатын орны ерекше.
Соның ішінде, билік пен қоғам арасындағы бірлікті сақтай отырып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосатын ірі сала телевидениенің ақпарат кеңістігіндегі орны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.
«Айта кету керек, әлемдік қауымдастық тарихи форумда телевидениенің қоғамдық пікір мен саяси процестерге ықпал ету құралы, үгіт-насихат, коммуникация және пікір алмасу, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда шешімдер қабылдау тәсілі ретінде маңыздылығын мойындаған. Дегенмен, телевидениенің ғасырлық тарихы бар. Электронды сәулелердің көмегімен белгілі қашықтықта бейнелерді қабылдап, көрсетудің алғашқы эксперименттері 1920 жылдардың басында АҚШ-та, Жапонияда және КСРО-да басталды. Телевизия саласы – ұжымдық еңбек. Журналист, режиссер және оператор. Бұл үшеуі – телевизияның үштағаны іспетті», - деді Мира Жомартқызы.
Елімізде алғашқы отандық телевизия 1958 жылдың наурызында пайда болса, Сыр өңірінің тұңғыш теледидары 1991 жылдың 30 сәуірінде дүниеге келді. Тәуелсіздікке қадам басқан ақжолтай кезеңнен бастап қызылордалықтар көгілдір экраннан туған өлке жаңалықтарын көре бастады.
Брифингке қатысқан «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала 30 жылдық тарихы бар арнаның бүгіні туралы айтты.
- Алғашқы жылдары 150 адаммен жарты сағат, бір сағат қана эфир тарату оңай болған жоқ. Қазір жергілікті телеарна 80 қызметкерімен 16 сағат хабар таратып отыр. Бұл жұмысты жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде, жаңартылған техникалардың арқасында осындай жетістікке жеттік. Әртүрлі жанрдағы 37 тақырыптық хабарлар шығарылады. Тікелей эфирлер мен ток шоулардың салмағы басым. Музыкалық контентті қалыптастыру арқылы жергілікті халықтың шығармашылын дамытып, жастардың мықтылығын дәлелдегіміз келеді. Бүгінде «Қазақстан» Ұлттық Телерадиокорпорациясына қарасты 14 филиалдың арасынан шығармашылық, көркемдік, экономикалық өсу, рейтинг жөнінде бірнеше жыл қатарынан 3-ші орында келеміз», - деді ол.
Иә, 30 жыл ішінде аймақ айнасы көзі қарақты көрермен алдындағы адал миссиясынан айныған жоқ. Шынайы ақпар, жедел хабар тарату қағидасын басты назарда ұстап келеді.
Ал тәуелсіз «Қоғам ТВ» телеарнасы 1999 жылдың 25 мамырында құрылып, өз көрермендерінің көзайымына айналған шоқтығы биік ақпарат көзіне айналды.
«Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС-нің басқарушысы Тұрсынкүл Желдербаева телеарнаның кешегісі мен бүгінгісіне тоқталды.
« Қызылорда қалалық телеарнасы алғашқы 4 сағаттық эфирін 1999 жылы көрсетті. Бастапқы уақытта 3 компьютер, 1 монтаж столы ғана болатын. Қазіргі кезде эфир уақыты 14 сағатқа жетті. 20-ға жуық авторлық бағдарлама бар. Телеарнаға жұмыс істеуге студенттер, жастар контингенті көбірек келеді. Біздің арна тәжірибе жинақтайтын, үлкен мектеп десек те болады. Бүгінде 200-ге жуық қызметкеріміз біздің арнадан түлеп ұшып, жан-жақта жұмыс атқарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз», - деді Тұрсынкүл Сардарбекқызы.
Айта кетерлік жаңалық, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап облыстық телеарна 100 пайыз цифрлық телехабар тарату жүйесіне қосылмақ. Ерекшелігі сол – телеарнаның жаңалығын теледидар арқылы ғана емес, кез келген электроника арқылы көруге мүмкіндік туады.