Сыр өңірінде «Тәуелсіздік күнінде» 130 бала дүние есігін ашты
Сыр өңірінде «Тәуелсіздік күні» мерекесінде 130 сәби дүние есігін ашты. Желтоқсан айының 16-17 күні туылған нәрестелердің ішінде 1 егіз және 1 үшем бар. Мереке күні өмірге келген бөбектерге «Сүйінші» сыйқорабы табысталды. Қорапқа балаларға қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, "Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл" монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.
- Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін! - деп жазылған Президенттің құттықтауында.
Облыс орталығында дүниеге келген егіз бен үшемге «Сүйінші» сыйқорабын Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов пен "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева табыс етті. Филиал директоры жаңа туылған нәрестелерге ізгі тілегін жолдап, олардың құжатын рәсімдеуге Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмек көрсететіндігін жеткізді.
- "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы тарапынан жаңа туған нәрестелерге баланың туу туралы куәлігі мен бір жасқа дейінгі жәрдемақы рәсімделеді. Біздің қызметкерлер барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, балалардың құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетеді, - деді "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева.
Еліміз бойынша «Тәуелсіздік күнінде» 2 мыңнан астам сәби өмірге келген. Жыл басынан бері 11 мың 378 бала дүниеге есігін ашса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 775-ке көп. Олардың ішінде 149 егіз бар.