Биыл облыстық прокуратура әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарды. Осы жылы 200 мыңға жуық адамның құқықтары қорғалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Олжас Қалматаев мәлімдеді.
225 ұйымның ұжымдық шарттарына жалақы сақталмайтын демалыстар, жұмыс уақыты мен тынығу уақыттары және зиянды жұмыстарға жіберуді реттейтін ережелер енгізіліп, 33 мыңға жуық адамның құқығы қорғалды.
- Мүгедектердің құқықтары да ретке келтірілді. Мәселен, Сырдария ауданындағы мүгедектердің такси қызметін пайдалану уақыттары ұзартылды. Шиелі, Жалағаш аудандарында инватаксилерде мініп түсуге ыңғайлы құралмен жабдықталуы қамтамасыз етілді, - деді Олжас Нұрланұлы.
Бұдан бөлек бизнесті қорғау бойынша өңірлік жол картасы әзірленіп, аймақтағы кәсіпкерлердің бірқатар жүйелі проблемалары шешімін тапты.
Ауылшаруашылығы саласында 160 млн. теңге субсидия қаржысы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұдан басқа заңсыз игерілген 280 млн. теңге субсидияға бөлінген бюджет қаржысын мемлекетке қайтару шаралары қабылдануда. Қазіргі уақытта оның 19 млн. теңгесі мемлекетке қайтарылды.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Руслан Жақсылықовтың айтуынша, борышкерлерден алимент бойынша қалыптасқан 510 млн. теңге қарыздары өндіріліп, 368 адам жұмысқа орналастырылды.