18 ақпан күні Арал ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдынынан Сырдария өзенінен су алатын Сағынбай каналының бойында балық шабақтарының қырылу фактісі орын алды. Алдын ала болжам бойынша, оттегінің аздығы балық тіршілігіне қолайсыздық тудырған дейді Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаров.
Зерделеу жұмыстары барысында ұзындығы 1,2 км жуық, ені 16 м құрайтын канал бойынан бірнеше ойық ойылып, ақбалық, торта, табан балық түрлері анықталған. Судағы оттегі мөлшері 3,5 мг/дм³, температура 2,5ºС, орташа тереңдігі 2,5 м құрады. Ғылыми ұйым маманының зерттеуі бойынша каналда оттегінің аздығы балық тіршілігі үшін қолайсыз екендігі белгілі болды.
Балық шаруашылығы инспекциясы өкілінің айтуынша, қазірде балықты сақтап қалу үшін арнайы ойықтар жасалып, қолдан оттегі беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балықтың қырылуына судың аздығы, екі каналдың ортасының бөлініп қалуы, 25 см болған мұздың қалыңдығы әсер еткен.
«Сол себепті, Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлерімен Сағынбай каналында 25 мұз ойықтары ойылып, мұз шұңқырларын бұрғылау және қамыс салу жұмыстары жүргізілді», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Аяғанов.
Бүгінде құзырлы органдар балықтан және судан сынама алып, сараптама жұмыстарын бастап кетті.