Қызылорда қалалық Полиция басқармасының сақшылары қызыл жалын шарпыған үйден қала тұрғындарын құтқарып, кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Ақпан айының 19-нан 20- на қараған түні сағат 03.00 шамасында Шұғыла мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққан. Төтенше жағдай қызметіне дереу хабар берген Қызылорда қалалық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлері полиция аға лейтенанттары Нұразат Жаңабекұлы, Азамат Жұмағазиев, Қадіржан Балықбай, Сұлтан Күздекенов және лейтенант Азамат Нұрлыбаев пәтерлерден үш жасөспірімді және екі ер азаматты құтқарып, алып шықты.
Қою түтін арасынан жол тапқан сақшылар лаулаған от көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін, жедел шешім қабылдайды. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ басын қатерге тіккен полиция қызметкерлеріне көпқабатты үйдің тұрғындары риза болды. Ал, өрт сөндіру қызметі келген соң олар басқа да тұрғындарға көмектесіп, үйлерінен шығуға көмектескен.
Өрттің шығу себептері анықталуда, бірақ бұл жерде ең бастысы адам өмірі. Себебі, адам өмірі бәрінен де қымбат.