Музейде «Ұлтымның ұлы кемеңгері» атты жылжымалы көрме өтті
Биыл «Алаш» қозғалысының ардагері, тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осы орайда, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі қорынан "Ұлтымның ұлы кемеңгері" атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Шараға Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуге ғұмырын арнап келе жатқан Ахметтанушы, "Ахмет. Ұлт ұстазы" телесериалының ғылыми кеңесшісі, Алматы қаласындағы А.Байтұрсынов музей-үйінің жетекшісі, ғалымға арналған «Ғасыр саңлағы» кітабының авторы Имаханбет Райхан Сахыбекқызы мен А.Байтұрсынұлы атындағы музей-үйінің ғылыми-әдістемелік орталығының төрайымы Орда Гүлжаһан Жұмабердіқызы қатысты.
Көрмені Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Алиясқарұлы ашып, Ахмет Байтұрсынұлының ғұмыры, туған халқы үшін жасаған еңбегі, асыл мұраларына тоқталып өтіп, ағартушының еңбектерін, мұрасын ұрпақ санасына дарытып, насихаттау жолында тынымсыз еңбек ету қажет екеніндігін айтты.
Аталмыш шарада "Ахмет. Ұлт ұстазы" телесериалынан қойылым қойылып, таңдаулы өлеңдері оқылып, оқушылар арасындағы «Ахмет оқуларымен» жалғасты.