Облыста туберкулезге шалдығу көрсеткіші 2 есеге азайды
Облыста туберкулезге шалдығу көрсеткіші соңғы он жылда 2 есеге азайды. Былтыр өңірде аурушаңдық деңгейі 46,2 пайызды құрады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Алтекешева хабарлады.
-Облыста туберкулезге шалдығу фактісі бойынша тұрақты эпидемиологиялық ахуал қалыптасқан. Өткен жылы аурушаңдық көрсеткіші 48,5-тен 46,2-ге пайызға төмендеп, туберкулезге шалдығу қарқыны 4,9 пайызды құрады. Сондай-ақ, аталмыш аурудан өлім-жітім көрсеткіші 4,8 есеге төмендеді. Бұл дертті ерте анықтау мақсатында ДДСҰ ұсынған бактериологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикалаудың жеделдетілген әдістері енгізілді. Қазіргі таңда арнайы құрал-жабдықтар облыстық фтизиопульмонология орталығы мен аудандық деңгейдегі зертханаларда қамтылған, - деді Айгүл Алтекешева.
Айта кетейік, биыл Дүниежүзілік туберкулезге қарсы ұран: «Туберкулезге қарсы күреске инвестиция салыңыз. Өмірге араша болыңыз!» деген атаумен өтеді.