Қатты желден көп қабатты үйдегі балконның шатыры ұшып кетті
Қызылорда қаласында қатты желдің әсерінен көп қабатты үйдің шатыры ұшып кетті.
Оқиға бүгін, 29 наурызда сағат 11.40 шамасында болды. Қатты желдің салдарынан облыс орталығындағы Титов кентіндегі Қоғалы көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің шатыры жұлынды.
«Оқиға салдарынан тұрғын үй алдында тұрған «Chevrolet Nexia» жеңіл автокөлігі зақымданған. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті мен Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері барып, оқиғаның мән-жайын анықтады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Айта кетсек, «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша бүгін облыста екпіні секундына 20 метр жел соғып тұр.