«Астана арландары» мен «Cuba Domadores» жекпе-жегін елордада тамашалаймыз
Бүкіләлемдік бокс сериясының финалы Астанада өтеді. Бұл жаңалықты біздің арнаның тілшісіне бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов хабарлады, деп мәлім етті "Хабар".
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада «Астана арландары» Ресей командасынан 9:1 есебімен басым түсіп, WSB-дің финалына жолдама алған болатын. Ал жартылай финалдың келесі жұбында Куба мен Мексика былғары қолғап шеберлері кездесіп, бостандық аралының жігіттері 10:0 нәтижесімен жеңіске жеткен-ді. Бүкіләлемдік бокс сериясының шешуші бәсекесі 20-21-ші маусымда елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. 2 күндік жекпе-жек тең дәрежеде аяқталса, жеңімпаз команда қосымша 56 келі салмақта анықталады. Қазір «арландар» финалдық сынға қызу дайындалуда. 2013-ші жылғы маусымда қазақстандық клуб осы жарыста топ жарған еді. Енді сол жетістікті қайталауға тағы бір мүмкіндік туып отыр. Мырзағали Айтжанов, Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері -Қазіргі таңда біздің де деңгейіміз мықты. Сондықтан тең дәрежеде, енді 6:4 осындай есеп болады. 5:5 қосымша болуы мүмкін, оны енді ринг көрсетеді. Жігіттеріміз психологиялық тұрғыда кубалықтардан еш қаймықпайды. Сол себептен олар бізге алынбайтын қамал емес.