Биыл Сыр өңірінде 192,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды салаларының бірі. Биыл 192,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Оның ішінде дәндi дақылдар - 97,2 мың, майлы дақылдар - 5,3 мың, бақша дақылы - 19,8 мың гектарды құраса, ал Сыр салысы - 86,5 мың гектар жерге орналастырылмақшы. Қазіргі таңда көктемгі егіске дайындық жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті тұрғындарды егінмен айналысуға тиісті шаралар қабылданған болатын. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 2054,6 гектар жерді 8 мың отбасыға бөлініп беріледі.
-Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып отыр. Мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржылар бөлінуде. Былтыр аталмыш саланы субсидиялауға 11,9 млрд.теңге қаржы бөлінсе, биыл 13,8 млрд.теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Бұл әрине аграрлық саланы одан әрі дамытуға үлкен қолдау болмақ. Былтыр мемлекеттік қолдаудың арқасында аграрлық салада 178,0 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,8 пайызға артса, ал тамақ өндірісі 72,6 млрд.теңгеге жуық өнім өндіріп, былтырғымен салыстырғанда 6,3 пайызға өсті. Жалпы былтырғы егін жинау қорытындысымен дәнді дақылдардан - 464,3 мың тонна, негізгі дақыл күріштен - 444,8 мың тонна, майлы дақылдардан -5,8 мың тонна, мал азықтық дақылдардан - 299,0 мың тонна, картоп, көкөніс, бақшадан - 418,7 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, егістікте су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы әртараптандыру бағытында 793 гектарға дақылдар егілген болатын. Осы бағытта 2025 жылға дейін 17,2 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал мал шаруашылығын субсидиялауға 4,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде аймақта төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда, - деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.