Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға 10 азамат келіп, өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі әлеуметтік бағытта жұмыспен қамту, шағын кәсіп ашуға қолдау сұрау, денсаулық және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларға қатысты қозғалды. Жазылғандардың көпшілігі зейнет жасындағы, көпбалалы және мүгедектігі бар азаматтарды қарап отырған тұрғындар.
Мәселен, 4 азамат жұмысқа орналасуға көмек қажет екенін айтса, 2 қала тұрғыны шағын кәсібін ашуға қолдау көрсетуді сұрады. Жеке қабылдауға келген 2 азамат денсаулығының болмауына байланысты мүгедекке шығару және өзге де көмек көрсетуді сұрады.
Аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына жұмыссыз тұрғындарға арналған жәрмеңкелерді тұрақты түрде ұйымдастыру, жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде қажетті мамандықтарға талдау жасауды тапсырды Сондай-ақ, заңдылыққа сәйкес мүгедегі бар азаматтарға қажетті құжаттарды жинау жолдарын түсіндіруді тапсырды.
Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына шағын кәсібін ашуға ниетті азаматтарға грант алу жолдарын кеңінен түсіндіріп, заңдылыққа сәйкес тәртібін түсіндіріп, қолдау қажет екенін еске салды.
Аймақ басшысының жеке қабылдауына келген тағы бір азамат Арал теңізін қалпына келтіруге қатысты экологиялық мәселені қозғады. Облыс әкімі cала мамандарымен бірге бірлесіп қарап, заңдылыққа сәйкес шешім қабылдау қажет екенін алға тартты.
Осы уақытқа дейін облыс әкімі Н.Нәлібаев 20 жеке қабылдау өткізіп, 173 азаматтың мәселесін саралады. Көтерілген әрбір мәселе әртүрлі шешімді қажет етеді. Әкімнің қабылдау барысында айтылған тапсырмалар белгіленген мерзімде орындалады.
Мәселелер әкімнің тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, облыс әкіміне жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы арқылы, е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш бере алады.