Еңбек адамы қоғамда әрқашан құрметке лайықты. Мұны Мемлекет басшысы да өз сөзінде айтқан болатын. Маңдай термен елге адал қызмет еткендердің бірі - «Таң ЛТД» ЖШС механизаторы Қуанышбай Есқалиев 40 жылдан астам егістік басында жұмыс істеген.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырса да, тынымсыз тіршілікке бойы үйренген ол әлі де шаруашылық басында жас буынға өз білгенін үйретіп келеді. Жуырда өткен Сыр диқандарының мерекесінде аймақ басшысының қолынан автокөлік алып, халық алдында еңбегі еленді. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қуанышбай Есқалиев БАҚ өкілдеріне өзінің қызмет жолын баяндап берді.
- Өзім Арал ауданы, Ақбасты елді мекенінде 1956 жылы дүниеге келдім. Әкем балықшы, анам үй шаруасындағы кісі болатын. Балалық шағымызда Арал теңізі тартылып, зауыттардың жұмысы тоқтаған еді. Сол қиын-қыстау кезеңде 10 жылдық біліммен ерте еңбекке араласып, отбасымызбен Жалағаш ауданына көштік. 1977 жылдан бастап шаруашылықта механизатор болып қызмет еттім. Көктем және күз мезгілдерінде күнделікті мыңға жуық шөп пресін басу, сабан басу сынды жұмыстарды үздіксіз істедік. Қазіргі таңда зейнетте болсам да егістік басына жиі барып тұрамын. Бар білгенімді жастарға үйрету арқылы білікті маман даярлағым келеді. Ал отбасым жайлы айтатын болсам, жұбайым да біраз жылдан бері шаруа қожалығында қызмет атқарды. Бүгінде зейнеткер. Өзім қызмет қылған шаруашылық басшылары әрқашан еңбегімді жоғары бағалады. Үйге керекті техникалармен де қамтамасыз етіп отырды. Ал жақында облыс әкімі автокөліктің кілтін табыстап, «Үздік механизатор» атандым. Еңбек жолымды ескеріп жатқан барша азаматтарға алғысым шексіз, - деді Қуанышбай Есқалиев.