Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Қызылордалық балықшылардың проблемасы талқыланды

Балық шаруашылығымен айналысатын Сыр өңірінің кәсіпкерлері субсидия талаптарын жеңілдетуді, көл маңындағы жер учаскесін кәсіпкерлік мақсатта беруді, сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуды сұрайды.


Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен басқасуға Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев, кәсіпкерлік саласын қаржыландыратын қаржы институттарының өкілдері мен балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
Кездесуге қатысқан кәсіпкерлердің басым бөлігі саланы дамытуға берілетін субсидия талаптарының тым жоғары екенін, нәтижесінде шағын көлі бар кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмай отырғанын жеткізді. 
Сонымен бірге кәсіпкерлер көлді пайдалануға рұқсат берілгенімен, жер учаскесін пайдалану құқығының болмауы да балық шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп тұрғанын атап өтті.
Бұдан өзге балықшылар көлдің инфрақұрылымына да көңіл бөлуді сұрады. Олардың көл басында электр энергиясы мен жолды жылдап күтуі соның бір дәлелі. 
Шарада Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов қаржы ұйымдарынан мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алуы үшін Палата мамандарының кәсіпкерлердің жобасын сүйемелдеп, көмек көрсететінін айтты.
«Біздің кәсіпкерлеріміз биыл 4 мың тоннаға жуық балықты Польша, Грузия, Литва, Германия, Австрия, Әзербайжан, Венгрия, Чехия, Ресейге экспорттады. Саланың мәселесін жүйелі шешіп, ұдайы байланыста болып отыру үшін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қауымдастыққа бірігуге шақырамын. Кәсіпкерлер палатасы олардың бастамаларына қолдау көрсетуге әзір», – деді Палата директоры.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ресми мәліметі бойынша, осы жылдың он айында аймақта 6151,5 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 133,4 млн теңге түскен.  
Қызылордалық кәсіпкерлер тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке, сондай-ақ көксерке сүбесін, тыран қанаттары мен балық фаршын, балық сүбесін, мұздатылған балық пен балық ұнын экспорттап жатыр.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: