Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Кальциленген сода шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Кальциленген сода шығару зауыты» жобасы бойынша жоба бастамашысы «Арал Сода» ЖШС және «Чайна Гонконг Лунцзи Интернэшнл Груп.Лтд» гонконгтық компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. 
Кездесу барысында аймақ басшысы жобаның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелеріне назар аударуды тапсырды. 
Жоба бастамашысының құрылтайшысы тұз нарығында 90 жылдам астам жұмыс тәжірибесі бар Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың бірі - «Аралтұз» АҚ. Бүгінгі күні елімізге жылына 420-450 мың тонна кальциленген сода өнімі Ресей және Өзбекстан елдерінен импортталады және 43,1 - 46,2 млрд.теңге сыртқа кетеді. 
Жиында облыс әкімі жобаның экономикалық тиімділігін бірнеше бағыттар бойынша тарқатып берді. 
- Біріншіден, экономикалық жағынан алғанда зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, ішкі нарықтың 75% қажеттілігін өтейтін импорт алмастырушы және бәсекеге қабілетті ірі өндіріс орны құрылады. Сонымен қатар, 300 мың тонна кальциленген өнімнің қаржылай мәндегі құны 30 млрд.теңге сыртқа кетпей, өзіміздің Арал ауданында қалатын болады. Жобаны іске асыру өз кезегінде 100 млрд.теңгеден аса инвестиция тартылады.
Екіншіден, әлеуметтік жағынан алғанда зауыт 700 жаңа жұмыс орнын және сервистік компанияларда 500-ден аса жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Арал өңірінде Аралтұз кәсіпорнынан басқа ірі өндіріс орындары болмауына байланысты жұмыс орындарын құру қажеттілігі Арал өңірі үшін аса маңызды,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде облыс әкімі жоба бастамашысына құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдардың қазақстандық мазмұнда болуын, кадрлардың жергілікті жерден алынуын тапсырып, салық базасын кеңейтуді тапсырды.  
Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі таңда шлам сақтау қоймасына экологиялық оң қорытынды алынғанымен жергілікті халық арасында сұрақтар туындап жатқанын атап өтті. Осыған орай, экологиялық бағытта туындаған сұрақты шешу үшін Өзбекстан Республикасында жұмыс жасап тұрған сода өндіретін зауытқа бастамашыларды апарып, оның қызметімен таныстыру жұмыстарын тездетіп ұйымдастыруды тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: