2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы сервистік және ақпараттық қызметтер көрсету бойынша республика бойынша көшбасшылар үштігіне кірді. Өткен жылы Палата кеңесшілері 2549 азаматқа сегіз мыңнан астам консультация, сондай-ақ 900-ге жуық кәсіпкерге 949 сервистік қызмет көрсетті.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен оның аудандық филиалдарының жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары құрылғанына тоғыз жыл болды.
- Біздің мамандар кеңес береді, бастауыш және қызмет ететін кәсіпкерлерге жолдама береді. Тоғыз жыл ішінде 91 мыңнан астам кеңес берілді, бизнесмендерге 13,6 мың сервистік қызмет көрсетілді, - деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықов.
Кәсіпкерлер арасында бизнес-жоспар әзірлеу, заңгерлік, конкурстық (тендерлік) рәсімдер,бухгалтерлік және салықтық есептерді жүргізу, қаржыландыру, мемлекеттік қолдау шараларын алу, маркетингті ұйымдастыру қызметтері жоғары сұранысқа ие. Мысалы, өткен жылы бухгалтерлік және салықтық есептілікті тапсыру мәселелері бойынша 186 кәсіпкер жүгінді, Палата консультанттары жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын 448 жобаға бизнес-жоспарлар әзірледі, 153 кәсіпкерге заңды құжаттар дайындалды.
— Өткен жылды қорытындылай келе және оларды басқа өңірлердегі әріптестердің көрсеткіштерімен салыстыра отырып, біздің облыс республика бойынша көшбасшылар үштігіне кіргенін атап өту қажет. Сервистік қызмет көрсету бойынша біз екінші орында, ақпараттық қызмет бойынша — үшінші орында тұрмыз, - деп бөлісті облыстық палата директоры.
Айта кетейік, бизнеске тегін сервистік қолдау облыс орталығында да, барлық аудандарда да көрсетіледі. Ауыл кәсіпкерлерінің services.atameken.kz сайты арқылы онлайн режимінде немесе аудандарда ӨКП филиалдары арқылы осындай қызметтерді алуға мүмкіндігі бар. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлер палатасы мынадай құралдар бойынша жұмысты үйлестіреді: бизнесті жүргізуді сервистік қолдау, моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында мемлекеттік қолдау шараларын ақпараттық қамтамасыз ету, іскерлік байланыстар.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қажетті ақпаратты тегін ұсынады. Негізгі мақсат-өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, қолданыстағы жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру.