Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жүк вагондарының жетіспеушілігі кәсіпкерлер қызметіне кедергі келтіріп тұр

Әктас өндірумен айналысатын қызылордалық «Шиелі тас» ЖШС өнімдерін тапсырыс берушілерге жеткізе алмай отыр. Былтыр кәсіпкер наурыз айынан жыл соңына дейін 402 вагон өнімнің орнына 134-ін ғана жөнелте алған. 


Сурет ашық дерек көзден

Бұл проблема облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік сұрақтарына арналған жұмыс тобының отырысында қаралды.
Бұл жөнінде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Шиелі тас» ЖШС-де 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 312 мың тонна, айына 26 мың тонна өнім өндіре алады. 
«Кәсіпкер өткен жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Қазалы, Төретам, Сайрам бағытына тауар тасымалдау үшін шарттық және коммерциялық жұмысты басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы 49 рет өтінім берген. Оның 12-сі ғана толықтай, 4-еуі түзетуден кейін қанағаттандырылған. Ал 33 өтінім кері қайтарылған. Жүк вагондарының жетіспеушілігі тек «Шиелі тасқа» ғана емес, сондай-ақ өңірдің күрішшілері мен наубайханашыларына да салмақ салып отыр», – деді отырыста Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов. 
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жауапты мемлекеттік орган өкілдеріне жағдайға талдау жасап, тиісті ақпарат ұсынуды жүктеді. Нәтижесімен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшыларымен, уәкілетті министрлікпен келіссөздер жүргізетінін жеткізді.
Бұдан өзге шарада наубайханашылардың проблемасы талқыланды. 
Жұмыс тобы отырысының қорытындысымен өңірден шығатын өнімдерді қолдау мақсатында жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі облыстық комиссия құру жөнінде шешім қабылданды.
Атап өту керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің 7 қыркүйекте кәсіпкерлермен кездесуінде аймақта кәсіпкерлік саласында туындаған жүйелі мәселелерді жедел қарауға арналған  жұмыс тобын құру ұсынылып, қазан айында құрылған болатын.   
Жұмыс органы  - Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы.
Жұмыс тобы отырысы айына кемінде бір рет шақырылады және мәселелер туындауына сәйкес мерзімнен тыс та өткізілуі мүмкін.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: